Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы үздіктер қатарынан көрінді

Screenshot_4.png

Түркістан  облыстық клиникалық ауруханасы республика бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Бұл туралы Елордада өткен «Дені сау ұлт»  медициналық саммитінде белгілі болды.  Саммитке ҚР Үкіметінің мүшелері, еліміздің медициналық қоғамдастығының өкілдері, бизнесмендер, Денсаулық сақтау саласының отандық және шетелдік сарапшылары қатысты. Іс-шарада "ALTYN SHIPAGER" ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттаудың дәстүрлі рәсімі өтті, онда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздің үздік медициналық ұйымдарына алтын мүсіншелерді табыс етті.  Соның ішінде "Үздік көпбейінді облыстық аурухана" атағына Түркістан облысының облыстық клиникалық ауруханасы лайықты деп танылды.  Бұл өңірдің жетекші клиникасы, оның 27 - клиникалық бөлімшесі, 2 – анестезиология және реаниматология бөлімшесі, 5 - емхана, оның ішінде онкологиялық орталық және параклиникалық бөлімшелері бар.

Screenshot_5.png

Емдеу мекемесі әсіресе білікті басшы бола білген, отандық медицинаға өлшеусіз еңбек сіңіріп, талай шәкірт тәрбиелеген Мұқан Егізбаевтың тұсында жан-жақты дами түсті. Клиникада  Мұқан Кеңесбекұлынан кейін бас дәрігер болған шәкірті Марат Пашимовтың да өзіндік қолтаңбасы бар. Бүгінде кешенді аурухананы кәсіби хируруг Елдос Сұлтанов басқарады. 

Үздік мекемеде 2013 жылы нейрохирургия бөлімшесі ашылған. Мұнда жоғары дәрежелі білікті нейрохирург дәрігер Асқар Бақтияров бастаған мамандар ми және жұлын ісігі, омыртқаралық ісік, омыртқа остеохондрозы, гематомалар, абсцесс және мидың эмпиемасы, туннель синдромы, интракраниальды қан кетулер, геморрагиялық инсульт, ишемиялық инсульт секілді ауруларды емдеп келеді. Мұнда омыртқа жарақаттарынан кейінгі реконструктивті оталар да жасалады. Жарамсыз болып қалған омыртқа сүйектерін металл конструкциялармен алмастырып нығайтады. Өткен жылы аурухана базасында  хирургияның  бір бағытты — ауырсыну синдромын емдеу қолға алынған.  Осының арқасында науқастар өзге қалаларға, шетелге ем іздеп сабылмайтын болды.  

Ауруханада сонымен қатар науқасқа зиян келмейтін лапороскопиялық тәсілмен күрделі урологиялық оталар да жасалады. Және  мұнда  озық ангиографиялық кешеннің пайда болуымен  дәрігерлер командасы құрылып, МӘМС жүйесінде жоғары технологиялық медициналық көмек аясында  құрсақ қолқасының аневризмасын эндопротездеуі отасы енгізілген болатын.

Жалпы Түркістан облыстық клиникалық аурухана кез келген науқасқа толыққанды көмек көрсетуге қабілетті. Орталық әлемнің дамыған елдерінде жасалған озық үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған. 

Screenshot_8.png

Айта кетейік,  медициналық ұйымдар арасындағы үздік үштікте Түркістан облыстық балалар ауруханасы, Түркістан қалалық орталық ауруханасы, Кентау қаласындағы «Жансая» облыстық балалар оңалту орталығы да бар.