Үздіктер қатарында – Ғалымжан Елшібай
Бүгін Елорда төрінде «AMANAT» партиясының «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ-2022» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Айта кетейік, биыл ұлт ұстазы атанған алып тұлға, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі болған Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Осы атаулы дата биыл «AMANAT» партиясының «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ-2022» республикалық байқауында да ескерілді. Партия журналистиканың әр саласындағы үздіктерді анықтаудан бөлек Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығын, сонымен бірге Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығын енгізді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығына белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы меншікті тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай лайықты деп танылды.
Сыйлықты Мәжіліс депутаты, танымал журналист Жанарбек Әшімжан салтанатты жағдайда табыс етті. Өз кезегінде Ғалымжан Елшібай салтанатты кешке жиналған БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады. - Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі – Түркістан жұртшлығының атынан сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, әріптестер. Қазақ тілтануының атасы, Әліппенің
Авторы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атындағы сыйлықты алу – үлкен жауапкершілікті жүктейтінін жақсы түсінемін. Биыл 150 жылдығы тойланып жатқан Алаш арысының «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп қалам ұстаған қауымға сенім артқанын түйсіне отырып, бабамыздың аманатына адалдық танытуға шақырамын, - деді Ғалымжан Қамытбекұлы.
Ғалымжан Елшібай 1975 жылы Төлеби ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келді. Білімі жоғары. Ғалымжан Қамытбекұлы бұрынғы Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Төлеби аудандық газетінде корректорлықтан бастады. Кейіннен ұзақ жылдар бойы "Жас Алаш" газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Бүгінгі таңда республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі.