Конституция – адам бостандығы мен құқықтарының қорғаушысы
1995 жылдың 30 тамыз күні Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданған күн. Содан бері әр жылы еліміз 30 тамыз – Конституция күнін ерекше мәртебелі мереке ретінде атап өтеді.
Ата Заңымыз – мемлекеттің әрбір азаматының құқықтарын қорғап, міндеттерін айқындайтын, ел игілігі үшін дұрыс өмір сүрудің бағыт-бағдары бола білген маңызды құжат. Бұл – мемлекетіміздің барлық заңдарының бірлескен тетігі секілді. Яғни, біздің азаматтардың тәртіпке бағынып, адал өмір сүруі алдымен Ата Заң талаптарын сақтаудан басталады.
Конституцияның бізге берері көп, бұл құжатта адам құқығы ең жоғары дәрежеде қарастырылған. Себебі, біздің мемлекет ең алдымен халықтың құндылықтарына аса назар аударады.
Осы орайда, Конституцияның әрбір азаматқа оңтайлы болуы үшін ағымдағы жылдың 5 маусымында Ата Заңымызға өзгерістер енгізу туралы референдум өткізілді. Бұл да жылдар өте келе заман ағымы мен азаматтардың сұранысына негізделген маңызды өзгеріс жасаудың көрінісі.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру мақсатында толықтырулар енгізілді.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы республикалық баспасөзде бір ай бұрын ресми түрде жарияланды, яғни Конституцияның бұрынғы және жаңа нұсқаларының айырмашылығынан хабары аз адамдарға түсінікті болу үшін Ата Заңның нақты баптары мен тармақтары көрсетілген бірнеше бөліктерге бөлінді.
Жаңа Ата Заңымызда партияға қатысты өзгерістер болып, белгілі билік өкілдеріне партия мүшесі болуға тыйым салынды. Бұл әрекет саяси бәсекені арттырып, барлық саяси партияның дамуына бірдей жағдай қалыптастыруды көздейді.
Енді облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгереді. Жергілікті билікке қатысты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар, парламенттің рөлі күшейіп, мәртебесі артуда.
Атап өтерлік жай, елімізде айрықша қажеттілік туындаған жағдайда, заңдар жедел қабылданатын болады.
Конституциядағы өзгерістер халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлармен күресуге бағытталған.
Бұдан бөлек, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру мәселелері қарастырылған. Осы орайда, азаматтарды алда келе жатқан 30 тамыз – Конституция күнімен құттықтай отырып, денсаулық және ел бірлігінің тұтас болуын тілеймін!
Әбдіманап Төлебаев,
Шымкент қаласының
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.