Ханқорған құпиясы әлі ашылмаған, ғажайып нысан

Screenshot_8.jpg

Ханқорған Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округінің аумағында жатқан, қазіргі уақытта Ханқорған (бұрынғы Мәдени ауылы) елді мекенінің іргесінде жатқан төбе. Мәртөбе, Күлтөбе, Ордабасы тауы сияқты Ханқорған да Оңтүстіктегі, жалпы қазақ тарихындағы орны ерекше нысандардың бірі саналады. 

Рас, тарихи орындар туралы әңгіме қозғағанда Ханқорған ауызға көп іліге бермейді. Оның өзіндік себептері бар. Тарихшылардың айтуынша, Ханқорғанның тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бір кездері Ханқорғанда жорыққа аттанып  бара жатқан Әмір Темір болды деген дерек кездеседі. Ханқорғанда үш жүздің ханы Абылай өмірінің соңғы жылдарын өткізген, осы жерде қайтыс болған. Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтанның да осы Ханқорғанда отырғаны туралы мәліметтер бар. Яғни, Ханқорған хандардың ордасы, резиденциясы қызметін атқарған мекен. 

- «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» бағыты бойынша өлкетану экспедициясы жуырда Созақ ауданында болып, осындағы бірқатар әулиелі, тарихи орындардың жай-күйімен танысып қайтқан еді. Міне, құрамында тарихшы, жазушы, ақындар мен журналистер бар экспедиция   бүгін тарихы терең, сансыз баптардың мекені атанған Сайрам ауданына ат басын тіреді. Топ алдымен  Ханқорған тарихи нысанында болып, оның бүгінгі ахуалымен танысып шықты. Ауылға кіре беріс жерде қазақ ханы Абылайға ескерткіш орнатылған, - дейді облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай. 

Оның орнатылуына ұлтжанды азамат, марқұм Лесбек Тәшімов мұрындық болған екен. Ханқорған Арыс өзенінің жағасында өте маңызды стратегиялық аумақта орналасқан. Қайбір жылдары осы Ханқорғанның басында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, руханият мәселесі төңірегінде келелі әңгіме өткізген болатын. Осы жиында белгілі археолог Бауыржан Байтанаев Ханқорғандағы қазба жұмыстары кезінде шығыс моншасының қалдықтарының табылғанын мәлім еткен болатын. Тарихшылардың айтуынша, бұл Қазақстанда табылған ең көне монша көрінеді. 2009 жылы Алматыдан келген археологтар осы жерден металл ерітетін ошақтың орнын тапқан. Бүгінде қазба жұмыстарының орны сайрап жатқанымен, басталған істің тоқтап қалғаны көңіл қынжылтады. Ханқорған  құпиясы әлі ашылмаған, ғажайып нысан.