Серік Мамытов Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі болды
Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі болып Мамытов Серік Үсенұлы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа әкімді ауданның активіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Өңір басшысы ауданды соңғы екі жылға жуық басқарған Мұрат Қадырбекті Түркістан облысынан Сенат депутаты болып сайлануымен құттықтап, шығарып салды. Аймақ басшысы ауданның жаңа әкіміне өңірдің жоғары әлеуетін тиімді пайдаланып, экономикасын арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ халықтың тұрмысын жақсарту, кері байланысты нығайту, мәселелерді шешу, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін атап өтті.
Мамытов Серік Үсенұлы, Шымкент қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2013 жылы Лимкоквинг креативті технологиялар университетін «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» Акционерлік қоғамының Кәсіпкерлікті дамыту орталығы бөлімінің маманы болып бастаған.
Кейіннен «КазФинСтаф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің консультанты, «Астана ЭКСПО-2017» «ҰК» Акционерлік қоғамының жиынтық-талдау департаментінің менеджері, Ұйымдастыру-бақылау департаментінің менеджері, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» Акционерлік қоғамының фронт-офисінің талдаушысы қызметтерін атқарды.
«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы департаментінің бас менеджері, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік қоғамының Өнеркәсіптік жобалар тобы департаментінің директоры, басқарушы директоры, Алматы қаласы әкімдігінің «Qolday» кәсіпкерлікті қолдау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары болып еңбек етті.
Сондай-ақ, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аймақтық директоры – қаржы институттарымен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі, ҚР Сауда және интеграция министрінің көмекшісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің бас консультанты қызметтерін атқарды.
2022 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппараты Өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы лауазымын атқарып келді.
Айта кетейік, Жетісай ауданының бұрынғы әкімі Мұрат Қадырбек ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауында Түркістан облысынан үміткер болып тіркеліп, жоғары ұпай жинаған болатын.