Мол жауған қар түркістандық 167 шаруаның жылыжайын жарамсыз күйге түсірді

image.png

Түркістан облысында 167 шаруаға тиеселі 36 гектар жылыжайдың конструкциясы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысында көмір тапшылығынан біршама жылыжайда өнімдер бүлініп кеткен болатын. Мәселен, Сайрам ауданындағы «Нұр-Агро» ЖШС-нің жылыжайында жылыту қазандығы қатты суыққа шыдас бермеген. Салдарынан 3,6 гектар жылыжайдың 1,8 гектарындағы 42 мың қызанақ көшеті үсіп кеткен. Жылыту жүйесінің 70 пайызы, тамшылату жүйесінің 70 пайызы, тұмандату жүйесінің 40 пайызы істен шықты.

Ал «Баракат» шаруа қожалығында жарық желісінің үзілуі салдарынан 2,4 гектар жылыжайда қызанақтың 60 мың көшетін үсік шалған.

Өңірде ауа райының тосын мінезінен осы сынды жағдайларға ұшыраған шаруалар көп.

Мәлім болғандай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыжайларға көмек көрсету мәселесі жан-жақты қарастырылуда.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы фермерлермен кездесті. Басқосуға жауапты басқарма басшылары мен қаржы ұйымдарының жетекшілері қатысты. Сонымен бірге онлайн қосылған теміржол тасымалдаушылары көтерілген сұрақтарға жауап берді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ірі жылыжай кешендері мұндай жағдайға дайын болғандықтан шығынға ұшырамаған. Оның үстіне бизнесі сақтандырылғандықтан, шығынды заң жүзінде өтеу жағы қарастырылған.

Зардап шеккен – шағын жылыжайлар. Оларды қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамту жұмысы атқарылуда. Алайда жылыжайлардың 90% астамының құжаттары жоқ немесе түгел емес болып шыққан. Яғни, заң аясында қаржылай қолдау жағы қиынға түседі.

Сондай-ақ қатты жауған қардан құлаған жылыжайлардың басым бөлігінде егін егу жұмыстары басталмаған. Жалпы, шағын жылыжайлар жеңіл конструкциядан, қолдан жасалған. Бүгінде 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түскен.

«Облыс әкімдігі тарапынан жылыжай иелеріне қолдау көрсету жолдары жан-жақты зерделеніп жатыр. Барлық тараптың ұсынысы сараланғаннан кейін заң аясында көмек көрсетіледі», - делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, көмір тапшылығынан Түркістан облысында жылыжайдағы өнімдер үсіп жатқанын бұдан бұрын жазған болатынбыз. Ол кезде өңір әкімдігі тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акт ұсынылған жағдайда, қаржы ұйымдары алдындағы берешекті (несие) өтеу мерзімін 1 жылға шегеру жөнінде ұсыныс жолданатыны туралы айтқан еді.