Түркістан дәрігерлері жаңа кәсіби деңгейге шықты

Screenshot_2.jpg

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Түркістан қалалық орталық ауруханасында алғаш рет тізе буынын протездеу отасы 62 жасар пациентке сәтті жүргізілді. Ол ұзақ жылдар бойы IV дәрежелі деформацияланған тізе буынының артрозымен (шеміршек, сүйек беттері, байламдар мен менискалар қайтымсыз тозатын күрделі патологиялық жағдай) зардап шегетін.

Тізе буынының эндопротезі – бұл буын ауруларын хирургиялық емдеудің ең заманауи әдістерінің бірі, яғни ауру немесе жарақат салдарынан тозған буынның орнына, қозғалыстың барлық көлемін орындауға мүмкіндік беретін жасанды протездерге ( импланттарға) ауыстыру.

Эндопротездеу отасы аурудың күрделілігіне байланысты кесуден протезді орнатуға дейін шамамен бір жарым, екі сағатқа созылады. Отаға АҚШ-та өндірілген титан қорытпасынан жасалған заманауи эндопротезі қолданылды, олар адам ағзасында жоғары беріктікке және жақсы өміршеңдікке ие.

Аурухана дәрігерлерінің жаңа емдеу әдістерін игеруі мен кәсібилігінің арқасында мүгедектік қаупі төнген пациент буындардағы ауырсынуды ұмытып, белсенді өмірге қайта оралады.

Бұрын мұндай ота түрлері басқа мекемелерде жүргізілген, енді травматологиялық  көмектің осы әдісін Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін алуға болады.