Астаналық дәрігерлер тегін медициналық қызмет көрсетті
Түркістан облысына Астанадан арнайы келген Ұлттық ғылыми медициналық орталығының білікті мамандары бір апта бойы аудандарды аралап, тұрғындарға тегін, жолдамасыз-ақ дәрігерлік қызмет көрсетті. Кардиохирург және кардиолог дәрігерлері, нейрохирург, аритмолог, функциональды диагностика дәрігерінан құралған топ жүрек-қан тамырлары аурулары және бас-ми тамырлары бойынша науқастарды көшпелі қабылдаулар өткізді. Іс-шараның мақсаты – ерте диагностика жасау, кеңес беру және Түркістан облысының тұрғындарына МӘМС шеңберінде тегін емделуге жолдама беру.
Топ жетекшісі, Ұлттық ғылыми медициналық орталығының кардиохирургия және оңалту бөлімінің басшысы Айдос Ерпашовтың айтуынша, білікті мамандар сапалы медицинаға қолжетімділікті арттыру мақсатында Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының келісімі аясында МӘМС шеңберінде тегін қызмет көрсетуде. Жоғары дәрежелі кардиохирургтың сөзіне сүйенсек, дәрігерлер әр ауданда бір күнде 150-ден 200-ге дейін пациенттерді қабылдап, қажетті ем-домын тағайындап, кеңестер берген.
– Астанадан Ұлттық ғылыми медициналық орталығының 6 дәрігері келдік. Олар – аға ординатор, кардиолог Әсем Сейілғазинова, кардиохирург Болатбек Жаппаров, аға ординатор, нейрохирург Мейірхан Аманбеков, функциональды диагностика дәрігері Алгул Балғабекова, дәрігер-аритмолог, рентгенхирург Урмат Болотбеков және өзім – жоғары дәрежелі кардиохирургпін. 24 ақпанда жұмысымызды Жетісай орталық аудандық ауруханасынан бастадық. Сосын Шардара, Келес, Сарыағаш, Сайрам, Қазығұрт аудандарында да болдық. Әр ауданға бір жұмыс күнімізді арнадық. Біздің келетінімізден алдын ала хабардар болған пациенттер кезекке тұрып, қаралып, тиісті дәрігерлік кеңестерін алды. Әр ауданда 200-ге дейін адам қабылдадық. Бізге жүрек-қан тамырлары және бас-ми тамырлары аурулары бойынша есепте тұратын азаматтардың шағымдарын тыңдадық. Медициналық текерулерден өткіздік. Мысалы, Шардара аудандық орталық ауруханасында біздің қатарымызда функциональды диагностика дәрігері бар екенін естіп, тұрғындар УДЗ аппаратына түсіп, білікті маман Алгүл Мұхаметжанқызының кеңесіне жүгінді. Жұмысымыз аудандық ауруханалар аумағымен шектелген жоқ. Басқа да ауылдардағы медициналық ұйымдарда, атап айтқанда Сарыағашта Нұрболат, Қазығұртта Жаңабазар ауылында қабылдау өткіздік. Жалпы жиынтығында қаралған адамдардың 50 шақтысын операция жасатуға және медициналық тексеру-зерттеуге Астанаға шақырдық. Мұның бәрі тегін, – деді Ұлттық ғылыми медициналық орталығының кардиохирургия және оңалту бөлімінің басшысы.
Осындай көшпелі қабылдаулар шалғай аудандардағы тұрғындарға МӘМС шеңберінде сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Еліміздің жетекші мамандарының кеңесін алу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Бұл іс-шараның әлеуметтік маңызы зор, себебі жүрек аурулары уақытылы емдеуді қажет етеді.
Бұрын жүрек ауруы жасы алпыстан асқан адамдарға тән болса, бүгінде жүрек-қантамыр сырқаттарымен шағымданатын жастар аз емес. Айдос Пернебайұлы мұның себебін медицинаның дамуымен де байланыстырады. Өйткені жастар арасындағы көрсеткіштер білікті мамандардың жүрек ауруларын ерте анықтаумен де көбеюде. Бұрын жүрек дерттері уақытылы анықталмай, тұрғындар ұзақ жылдар шағымданбай ауруы асқынып өмірден өткендер аз емес. Сондықтан жастар арасындағы жүрек-қантамыр ауруларын ерте анықтау деп қабылдаған жөн. Ал, ерте анықталған аурудан дұрыс емделсе, толық айығуға болады.
Астаналық білікті мамандар тек пациенттермен шектелмей, науқастарға ем шараларын тайындауда жергілікті дәрігерлермен тәжірибелерін де бөліскен. Ұлттық ғылыми медициналық орталығынан мұндай дәрігерлер бригадасы Түркістан облысына жылына екі рет ұйымдастырылып тұрады.
Асыл ДОС