Марат Пашимов – Алматы қаласының бас дәрігері!
Марат Пашимов Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол бұған дейін «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарды.Марат Пашимов әлемді әбігерге салған коронавирус індеттің нағыз белең алған кезінде Түркістан облысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып елге еңбек сіңірді. Нәтижесінде Түркістан облысы пандемия аяқталғанға дейін қызыл аймаққа енбеген еліміздегі жалғыз өңір болды. Осының өзі-ақ Орынбасарұлының үйлестірушілік қабілеті өте жоғары білікті басшы екенін дәлелдейді.
Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы іскер басшы Марат Орынбасарұлының жетекшілігімен 2020-2023 жылдары Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында ауыз толтырып айтуға болатын ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Қарқынды құрылыстарға тоқталсақ, бір 2022 жылдың өзінде 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді. Тарқатып айтқанда 1 емхана, 1 жедел медициналық көмек станциясы, 5 дәрігерлік амбулатория, 13 ФАП және 11 медициналық пункт 29 ауылда салынды. Ал, емдеу мекемелеріне бұрын соңды болмаған медициналық құралғылармен қатар тұрғындардың денсаулықтарын жақсартуға септігі көп дәрігерлік бұйымдар сатып алынды. Тарқатып айтқанда, 2020 жылы – 205 дана, 2021 жылы – 525 дана, 2022 жылы 994 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Оның ішінде 1250 реанимациялық құрал-жабдық, 103 ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған құрал-жабдық, 64 ота жасауға арналған жабдық, 36 диагностикалық-лабораториялық жабдықтар сатып алынған.
Ауылдық жерлерде және шалғай елді-мекендерде тұратын халыққа консультациялық-диагностикалық қызметтер үшін Түркістан облысында 13 жылжымалы кешен арқылы медициналық көмек көрсетіледі. Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды ұлғайту жоспары ұлғайтылды.
Шардара ауданында 150 адамды қабылдайтын, құрамында жедел жәрдем станциясы бар қалалық емхана құрылысы аяқталып, іске қосылды. Жедел жәрдем қызметін нормативке сәйкестендіріп, жүктемесін азайту мақсатында демеушілікпен (КАТКО қорынан) Түркістан қаласында 25 бригадаға арналған медициналық жедел жәрдем стациясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысының медициналық ұйымдары компьютерлік техникамен толық жабдықталған. Қалалық және аудандық орталықтар интернетке жүз пайыз қол жеткізді. Облыстың барлық тұрғындарының электрондық денсаулық паспорты бар, медициналық ақпараттық жүйені пайдаланады. Дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу, дәрігерді үйге шақыру және медициналық анықтамаларды алу бойынша қызметтер электронды түрде көрсетіледі.
Денсаулық сақтау министрлігінің индикаторлары бойынша облыс тұрақты түрде көшбасшылар үштігіне енді. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері үнемі біліктіліктерін арттырып отырады. Түркістан облысында денсаулық сақтау министрлігінің онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу және алдын алу жөніндегі нормативтері толығымен орындалды.
Еліміздің әрбір төртінші баласы дүниеге келе Түркістан облысының орталығы Түркістанда балаларды оңалту орталығы ашылды. Ең шалғай елді мекендер де шұғыл медициналық көмекпен қамтамасыз етілген, санитарлық авиация белсенді пайдаланылуда. Жедел медициналық жәрдем станцияларының техникасы мен жабдықтары жаңартылуда.
Түркістан қаласында соңғы үлгідегі медициналық техникамен жабдықталып, диспетчерлік орталыққа қосылған 177 автокөліктік автопаркі бар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы іске қосылды. Облыстың барлық жедел медициналық жәрдем қызметі орталықтандырылған. Барлық қоңыраулар негізгі қашықтан басқару құралына түседі. Бригадалардың шығу нәтижелерін диспетчерлік бөлім бақылайды. Қажет болған жағдайда Шымкентте орналасқан санавиация базасымен шұғыл байланыс орнатылады. Мамандардың кезекші бригадалары қажет болған жағдайларда – күрделі операциялар, босану кезіндегі көмек, авариялар, техногендік және табиғи апаттарда ұшуға әрқашан дайын.
Қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан медицина қызметкерлерін оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Жыл сайын облыс әкімдігінің мақсатты қаржыландыруымен барлық мамандықтағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу үшін шетелге жіберілді. 2021 жылы Түркияда 250-ден астам дәрігер оқытылды. Беларусь, Израиль, Ресей мемлекеттеріне тәжірибе жинақтады. Шетелден де дәрігерлер Түркістан облысының клиникаларына тәжірибе бөлісуге шақыртылды. Жыл сайын жаңа препараттар, жыл сайын жетілдірілген емдеу әдістері енгізілді. Соған сай күрделі аппараттар да алынды.
2022 жылға 1663 маманды оқыту жоспарланып, 2426 маман оқытылды. 2023 жылы 3046 маманның біліктілігін арттыру үшін алыс-жақын шет елдерде тәжірибе алмасу мақсатында мастер-класс, семинарлар өткізілді. Жалпы 2020-2023 жылдары 8065 медицина қызметкері білімін жетілдірді. Сондай-ақ жергілікті аудан әкімдігі тарапынан баспанамен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие берілуде. 2022 жылы 27 жас отбасыға тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттік несие берілген. Одан бөлек, республикалық бюджет қаражаты есебінен 2022 оқу жылына 72 грант резидентураға бөлінген. Ал медициналық ұйымдар есебінен 34 маман резидентурада білім алды. 2023 оқу жылына дәрігерлерді резидентурада даярлауға жергілікті бюджет есебінен тапшы медициналық мамандықтар бойынша облыс әкімінің 60 гранты бөлінді.
Перинаталдық орталықтың жиырмадан астам акушер-гинекологы АҚШ-та оқыды. Сосын олар жұмыс орындарында әріптестерін үйретті. Жүз дәрігер Санкт-Петербургте оқыды. Медицина қызметкерлері қатарын елуден астам жас маман толықтырды. Олар ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілді, көтерме жалақымен қамтамасыз етілді.
Аудандық және қалалық орталықтардағы медициналық ұйымдар телемедицина жүйесімен қамтылған, оларға қашықтықтан кеңес беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысында 49 жаңа медициналық нысан салу да дәл осы Марат Пашимовтың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жетекшілік еткен тұсында жоспарланған.
– Облыс, аудан орталықтарындағы мамандандырылған ауруханаларында науқастардың барлығын емдеуге болады деп есептелетін кезде оңтайландырудың салдарын еңсеруіміз керек. Біз бастапқы көмекті күшейтеміз. Тек осылай ғана халықты медициналық көмекпен жалпы қамтуды, аурулардың алдын алуды және ерте анықтауды қалпына келтіруге болады. Келесі жылы Қазақстанда салынуы жоспарланған 655 жаңа фельшерлік-акушерлік пункттердің 49-ы біздің облыста. ФАП желісі бес шақырымдық қолжетімділікте есептеледі. 2024 жылға қарай облыста – Жетісай, Сарыағаш, Сайрам және Ордабасы аудандарында төрт жаңа көпбейінді ауданаралық аурухана құрылатын болады. Олар көрші аудандардың тұрғындарына да қызмет етеді. Ал, құрылысы аяқталып пайдалануға берілетін Түркістан қаласындағы жаңа облыстық аурухана Созақ, Отырар және Сауран аудандарының тұрғындары үшін осы функцияларды орындайтын болады. Ауданаралық ауруханаларды іске қосу Шымкент пен Түркістандағы медициналық мекемелерінің жүктемелерін біршама азайтуға мүмкіндік береді, – деген Марат Орынбасарының мәлімдемесі сол кезде ақпарат құралдарында жаппай жарық көргені есте.