Суармалы жерлер аумағы 1115 гектарға ұлғаяды
Ауылшаруашылық өнімін ұлғайтудың көрсеткіштерінің бірі - суармалы жерлер. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты болатын. Өйткені суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Бұл тиісінше өңір экономикасын өрлетуде едәуір рөл ойнайды.
Еліміздегі табиғаты тамаша, ауа-райы егін, мал шаруашылығына қолайлы мекендердің бірі – Түлкібас екені көпке мәлім. Өңірдегі климат табиғат өнімдерінің мол болып өсуіне мейілінше ықпал жасайды. Мәселен, бүгінде мұнда қаншама гектар алма баулары өз өнімін елдің түкпір-түкіпіріне дейін жеткізіп отырады. Ал осындай жері құнарлы, климаты ыңғайлы өңірге инвестиция жасау, әрине, аса тиімді болып отыр. Осы орайда қазірде Түлкібас ауданында ауылшаруашылық өнімінің көлемін ұлғайту үшін суармалы жерлердің аумағын ұлтайту көзделген.
Суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру – елімізде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы. Сондықтан бұл салаға барынша басымдық берілуі керек. Суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, осында тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Суармалы жерлердің жағдайы жөнделсе, өңірде азық-түлік өндірісі дамиды, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті артады, импорт азаяды.
Өткен жылы аудан аумағында 1115 га суармалы жерді ұлғайтуға жобалық сметалық құжаттары дайындалынып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Жобаның құны – 381 млн теңге. Қазіргі таңда сатып алу конкурстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы аталмыш мақсат 50 млн теңгеге қаржыландырылды. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, биылғы жылы да жалғасын тауып отыр.
Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мақсатында «Құли», «Көктем» бес су нысандарының құрылыс жобасы бойынша 50 млн.тг қаржыландырылып игерілді. Нысан 2020 жылы да жалғастырылып жатыр.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар есебінен суармалы жерлерді дамыту мақсатында блыстық бюджеттен 2019-да 81 млн теңге бөлініп, Ораз және Жаманжар каналдары тазаланып, бөлінген қаржы толығымен игерілген болатын. Демеушілер есебінен биылғы жылы да осы тірліктер тиянақты атқарылып, өз жемісін беріп келеді.
Ағымдағы жылы Түлкібас жеріндегі суармалы алқаптардың аумағы 1115 гектарға ұлғаятын болады. Бұл жоспар жүзеге асатын болса, аудандағы шаруашылыққа біршама септігін тигізгелі отыр. Егер де суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар жыл сайын тиісті дәрежеде аткарылып отырса, өнімділік 25-30%-ке артуы тиіс. 2019 жылдың желтоқсан айында Респубикалық бюджет есебінен бастау алған 16 шақырымды құрайтын 5 су нысандарының құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда 50 пайыздан асып отыр. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айына дейін аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жаңадан айналымға қосылатын 1115 гектар суармалы жердің 123,2 гектары Шақпақ, 555 гектары Жабағылы, ал 437 гектары Кемербастау ауылдық округі аумағын қамтитын болады.
Су шаруашылығы мамандарының айтуынша суармалы жерлерді ағынды сумен жабық темір құбыр арқылы қамтамасыз ету темір бетонды каналға қарағанда 3 есе артық қызмет етеді.
Соңғы жылдары өңірде суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында бірқатар іс-шара атқарылды. Әрине, бұл атқарылған жұмыстардың, төгілген еңбек терінің өз кезегінде өң нәтиже берері анық.
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жатқан Түлкібас ауданын жыл сайын даму үстінде. Бұл аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктері де жақсарып жатқан жайы бар.