Түлкібастық жеткіншектер мұқтаж отбасыларға қол ұшын созды

image.pngimage.png

Қиын сәтте жақынына қолғабыс болу қазақтың қанына сіңген қасиет. Елімізде 16 наурыздан бастап президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың жарлығымен карантин, Төтенше жағдай режимі бекітілді. Осыған орай кәсіпорындар, шаруа, мекеме қызметкерлерінің бәрінің жұмыстары тоқтап қалды. 

Бұл жағдай әсіресе әлеуметтік жағынан төмен отбасылар үшін ауыр соққы болғаны анық. Алайда қазақ жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған халық болғандықтан, жақындарына, туыс, ауылдас, көршілеріне аянбай қол ұшын созуда.

Солардың бірі Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ ауылдық округіндегі нөмірі 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі " Biz birgemiz" республикалық акциясына үн қосып, Шақпақ ауылдық округіндегі əлеуметтік көмекке мұқтаж 8 отбасыға азық-түлік себеттерін таратты. Жас бүлдіршіндеріміз ата-әжелерінен көрген үлгі-өнегесін көрсетіп, өздерінің парасаттылығымен тәнті етті.

Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады.  Жас жеткіншектердің игі ісіне тұрғындар дән разы. Олар алғыстарын жаудырып, ақ жүректі жеткіншектерді шығарып салды. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.