Индустриалды аймақ – өңір өндірісін өркендетеді
Осыдан 5 жыл бұрын Қазығұрт ауданында жалпы ауданы 40 га болатын индустриалды аймағы құрылған болатын. Бұл индустриалды аймақ бүгінде жеңілдікпен кәсіп ашам деген жанға зор мүмкіндік беріп отыр.
Индустриалды аймақ ауданға қарасты Майлыошақ аулында орналасқан, сол себептен де ол жер Қазығұрт ауданының экономикалық орталығы саналады.
Өңірдегі өнеркәсіп өнімі көлемінің жыл сайын артуына аудандағы индустриалдық аймақтың үлесі мол болып отыр. Мәселен өткен жылы жергілікті кәсіпкерлер 69 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Ал осы жылдың ақпан айында аудандағы индустриалды аймақта тәулігіне 80 мың дана жылдам дайындалатын кеспе шығаратын зауыт іске қосылды.
Бүгінгі таңда, «Қазығұрт» индустриялдық аймақта жалпы 10,86 гектар жер телімінде құны 7,3 млрд теңге болатын 5 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың көбі жергілікті тұрғындар.
Индустриялдық аймақта орналасқан «CG Foods Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісі 2019 жылдың 5 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Премьер Министрі Асқар Маминнің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Жалпы инвестиция көлемі 5,7 млрд. теңге, 2019 жылы 1,1 млрд. теңге инвестиция салынып өндірісті жаңғырту арқылы тез әзірленетін тағамдар шығаратын зауыт 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап тез әзірленетін 10 түрлі «Қазан» және «Wai-Wai» маркалы кеспе өнімін шығаруда. Бүгінгі таңда 80 адам жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпорынның даму жоспарына сәйкес алдағы жылдары жұмысшылар саны 300 жететін болады. Кәсіпорын жылына 1100,0 тонна өнім шығарып, өнімнің 20%-і Қазақстан Республикасы аумағында, ал 80%-і Орта Азия елдеріне экспортталатын болады.
Сонымен қатар, индустриялды аймақтағы кәсіпорындар жыл санап өнімдерін арттыруда. Оның ішінде әсіресе «тез дайындалатын тағамдар» өндірісіне баса назар аударылып отыр. Соның бірі «Көрік ШҚ» ЖШС-ның алкогольсіз табиғи шырын сусындар (сок) шығару цехы. Бұл кәсіпорынға қажетті шикізат алма, алмұрт, жүзім және қызанақ өнімдері толық ауданның шаруаларынан жинақталып өңделуде. Бұл жоба 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
2020 жылы «Асыл бастау кz» ЖШС-ның «Майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май шығару» жобасын іске асыру арқылы ауданның толық сүт өнімін өңдеу арқылы құрғақ сүт, сары май, айран, қаймақ және ірімшік шығару көзделіп отыр. Бұл кәсіпорынға индустриалды аймақтан 2 гектар жер телімі берілген. Қосымша ауласына минералды су шығару цехын іске қосу жоспарланып отыр.
Аудан аумағында бүгінгі таңда жалпы 19 өнеркәсіп кәсіпорын үздіксіз жұмыс істеп тұр. Осы кәсіпорындармен 2019 жылдың қорытындысымен 7840,3 млн. теңгенің өнімі өндіріліп нақты көлем индексі 105,2% құрап, 2018 жылдың (7427,9 млн.тг) тиісті кезеңімен салыстырғанда 412,4 млн. теңгеге артық өнім өндіріліп отыр.
Өнеркәсіп өнімі көлемінің жыл сайын артуына «ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы және аудандағы индустриалдық аймақтың үлесі де мол екенін ескеру қажет.
2019 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі 19 851,1 млн. теңге жетіп, өткен жылға 104,9% құрады. одан: жеке инвестиция көлемі 8605,2 млн. теңгеге жетіп, 2018 жылдың (7330,7 млн.тг) тиісті кезеңіне 117,4%-ке өсіп отыр.
Мемлекеттік экономиканың өсуіне екпінді әсер ететін «Қазығұрт» индустриалды аймағы экономимкалық бірқатар мәселелерді шешуге, өңірдегі жалпы өнімнің артуына, сонымен қатар жұмыссыздықты жоюға септігін тигізеді. Тиісінше жоғарыда айтылған инвестициялық жобалардың барлығы да алдағы уақыттарда жалғасын тауып, жоспарланған істер жүзеге асырылатын болады.