Су тасқынын болдырмау шаралары қарастырылуда
Түлкібас ауданы Түркістан облысында болып жатқан жауын салдарларынан аман. Десе де бүгінде аудан аумағында сақтық шараларын ұйымдастыру басты назарда. Осыған орай аудан әкімі Нұрлан Байғұт алдын алу шараларына байланысты бірқатар тапсырмалар берді.
Ауа райының болжамына сәйкес аудан аумағында ағымдағы жылдың 13-14 мамыр күндері нɵсерлi жауын-шашынның жаууы күтілуде. Салдарынан өзен, су қоймаларында су деңгейінің көтерілу қауіпі жоғары. Осыған орай, аудандағы су тасқыны мəселесiнiң алдын-алу мақсатында аудан әкімі Н.Байғұт жалпы жағдайды зерделеп, ɵзен су арналарын, каналдар мен арық-атыздарды тазалау жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау жɵнiнде жауапты орынбасарына, ТЖБ басшылығына, бɵлiм басшылары мен ауыл əкiмдерiне және тиiстi сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
Естеріңізге салсақ, жауған жауын салдарынан өзендер арнасынан асты. Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы және Бәйдібек ауландарында жүздеген үйге су кіріп, табиғат апаты орын алды.
Тасқынның шеті Шымкент қаласына да жеткен. Ағыстың қаттылығы сонша - ауыл арасындағы көпірлер қирап, асфальт опырылып жатыр. Биліктің мәліметінде "Бәйдібек, Қазығұрт және Төлеби аудандарында 522 үй ауласы мен 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланғаны" айтылған. Екі күн толассыз жауған жауын бейсенбі күні түстен кейін саябырлады. Бірақ алдағы күндері тағы да нөсер жауатын болса, су қайта тасуы мүмкін деп қауіптенеді жергілікті тұрғындар.