Кәсіпкерлікті дамыту - өзекті мәселе
Аудан дамуында кәсіпкерлердің, әсіресе шағын және орта кәсіп иелерінің қосатын үлесі қомақты. Елімізде кәсібі дөңгелеген азаматтардың тәжірибелерін, іскерлік жолын, қиыншылықтары мен жетістіктерін жастарға үлгі ету маңызды деп есептеймін. Мұндай жағымды құбылыс отандық кәсіпкерлік рухты дамытуға үлес қосумен қатар, жастарға да орасан зор пайдасын тигізеді. Сондықтан іскер азаматтар басылым беттерінде көптеп насихатталып, кітаптары шығып жатса рухани жаңғыруға қосар үлес тұшымды болар еді.
Төтенше жағдайдан зардап шеккен аудан экономикасын қалыпты жағдайға келтірудің бірден-бір тетігі кәсіпкерлік саласын дамыту. Осыны ескерген аудан әкімі Н.Байғұт өз кәсібін ашам деуші және кәсібімді ұлғайтамын деген аудан тұрғындарына қолдауды күшейту мақсатында «Жобалық кеңсе» құруды тапсырған болатын.
Аудан әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында бүгінгі таңда аудан әкімдігінің жанынан жобалық кеңсе құрылып, өз жұмысын бастап кетті.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Ахметов, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы М.Раймбеков, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түлкібас аудандық филиалының директоры М.Байғарашев, «ТURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Түлкібас ауданы бойынша бөлім басшысы Н.Ізтілеуов және ауылдық округ, кент әкімдерінен құрылған кеңсенің басты мақсаты өз ісін ашуға ниет білдірген азаматтардың қаржы ұйымдарына және екінші деңгейлі банктерден жеңілдетілген несие алуға жобаларын дайындауға көмек беру, құжаттарын реттеуге ықпал жасау болып табылады.