Қазығұртта қауіп сейілді
Апат айтып келмейді. Тасқын да, өрт те табиғаттың тілсіз жаулары. Тек бірлесе, ұжымдаса талпынғанда ғана бұл апаттардың алдын алуға, күресуге мұршалымыз. Түркістан облысында су тасқыны 3 ауданды шайып өткен болатын. Солардың қатарында Қазығұрт ауданы да болды. Қазығұрт ауданында үш елдімекенде 36 үйдің ауласын су шайды. Сонымен қатар, емхана, дәріхана және мешітті де су шайып кетті. Жігерген ауылында 4 қора опырылып құлаған. Барлығы 133 адам аудандағы мектептердің біріне эвакуацияланды.
Биылғы жылдың 13 мамыр күні Қазығұрт аудандық өрт сөндіру бөлімінің байланыс торабына Алтынтөбе, Жігерген ауыл округ тұрғындарынан үйдің ауласына жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар келіп түскен болатын. Оқиға орнына Қазығұрт ауданы төтенше жағдайлар бөлімі мен аудан әкімдігі қызметкерлері шығып, тұрғындарға дер кезінде көмек көрсете білді. Жедел ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде Қазығұрт ауданының Алтынтөбе, Жігерген ауыл округтеріндегі 6 үйдің ауласынан су тарту, арықтарды тазалау жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі таңда тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Көкібел су қоймасының жаңбыр суына толуына орай эвакуацияланған 133 тұрғынның жағдайы тұрақты. Туған- туыстарының үйлеріне жайғасқан оларға аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен қажетті азық-түлік пен басқа да керек-жарақтар жеткізілуде. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірілік коммуникациялар қызметінде хабарланды.