Шардарада Ұлы Абай есімі ұлықталды
Биыл барша қазақтың ұлы ақыны Ұлы Абайға 175 жыл толуына байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде игі іс-шаралар онлайн форматта өтуде. Осыған орай Шардарада ақынның ескерткішінің алдына жергілікті зиялы қауым өкілдері жиналып, гүл шоқтарын қондырды. Аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев пен мәдениет және тілдері дамыту бөлімінің басшысы Ш.Қапбаров бастаған бір топ қызметкер ақынға ықыластарын осылайша білдірді.
Ескерткіштің алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев келешек ұрпаққа өшпес із қалдырған Ұлы Абайдың ғұмырынан сыр шертіп, ойшылдың өнегелі өмірін әрбір қазақ мәңгілікке үлгі тұту керектігін атап өтті.
Жеткіншектер Ұлы Абай өлеңдерін онлайн түрде жатқа оқып, бүкіл елге челлендж жолдады. Аудандағы орталық және ауылдық жерлердегі кітапханаларда ұлы ақының өлеңдері айтылып, онлайн концерттер ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бүгінде шалғай ауданында кемеңгерге ерекше құрмет көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, Шардара қаласындағы орталық көше Абай атымен аталады. Мектептерге де ұлы ойшылдың есімі берілген.