Шардара әкімі тұрғындарды құттықтады
Құрметті шардаралықтар!
Баршаңызды қазақтың дана кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығын атап өту туралы шешімі барша қазақстандықтарды қуантқаны белгілі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» болып бекітілді. Бұл мерекені бүкіл қазақстандықтар зор қуанышпен қарсы алып, еліміздің барлық аймақтарында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған түрлі деңгейдегі шаралар өткізілуде.
Абай Құнанбайұлы –заманауи қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ретінде, қазақ мәдениетінде және бүкіл түркі мәдениеті үшін де маңызды тұлға.
Абай өзінің қара сөздері мен өлеңдерінде халықтың ұлттық және рухани құндылықтары, дүниетанымы, қоғамдағы мәселелерді нақты көзқараспен жаза білген Ұлы ақын.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасының елімізге тигізер пайдасы зор дей келе «Біз енді ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтын сынаса да, тек бір ғана ойды-қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты» деп атап өтті.
Қазақ руханиятының көшінің басынан табылатын Абай мұрасы тек ұлтымызға ғана емес, бүкіл әлемге өнеге.
Абай мұрасы - біздің ұлт болып ұйысуымызға, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Ендеше Ұлы Абайдың өнегелі ғұмырынан тәлім алатын ұрпақтарымыз көбейе берсін.
Құрметпен, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай!