Созақта бюджеттік жоспар артығымен орындалған
Әлемді шарпыған Пандемия көптеген елдердің экономикалық көрсеткішін құлдыратты. Тіпті, әлемдік переспективадағы сауда брендтері өздерінің банкротқа ұшырағанын мәлімдеді. Тек адамның интелектуалды меншігімен байланысты салалар ғана өрісін кеңейтіп, акцияларының құнын өсірді. Елімізде карантин режимінің шектеуіне қарамастан, салалардағы экономикалық көрсеткіштер жоғарылады. Түркістан облысындағы Созақ ауданы да негізгі экономикалық көрсеткіштерін сақтап, дамудан кенде қалмады. Биыл жергілікті бюджетке 3 млрд. 758 млн. 205 мың теңге қаржы түскен.
Созақ ауданында бюджеттік жоспар 172 млн. 531 мың теңгеге артығымен орындалған . Бюджеттің шығыс бөлігі 13 млрд. 165 млн. 283 мың теңгені құрап, 99,8 пайызға игерілді. Дамыған мемлекеттер санатына ену үшін ЖІӨ көлемі жоғары болуы шарт. Мемлекеттің халықаралық экономикалық рейтингі ЖӨӨ көлемімен тығыз байланыста. Жыл басынан бері Созақ ауданында 151 млрд. 355 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд. 953 млн. теңгеге артып отыр.
Мемлекеттің технологиялық мүмкіндігі мен бюджеттік қаражаттардың шектеулігі, әлемдік тікелей инвестиция нарығындағы бәсекелестіктің күшеюі кезінде мемлекеттік инвестициялық саясатты дұрыс таңдау басымдығы қашанда арта түседі. Өйткені мемлекеттік саясаттың тұрақтылығы, болжам жасай алуы және сабақтастық инвестициялық жобаларды дайындау мен жүзеге асыруға қажетті жағдай туғызады. Соның бір көрінісі Қазақстандағы отандық және шетелдік кәсіпкерлерге қолайлы ортаның жасалып отырғандығы деуге болады. Мысалы, Созақ ауданының экономикасына 2020 жылдың 6 айына 12 млрд. 824 млн. теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда салыстырғанда 103,6 пайызға артығымен орындалған.