Ордабасы: Онлайн-режимдегі білім беру бақылауда
Төтенше жағдай режиміне және карантин енгізілуіне қарамастан, Ордабасыда білім беру белсенділігі одан әрі жалғасады. Ол тек жаңа сатыға – онлайн-режимге көшті. Жаңа форматта оқу тек мұғалімдер үшін емес, әр баланың ата-анасы үшін де аса үлкен жауапкершілік болып отыр.
Биылғы 2020 жылғы оқу жылы басталған сәтте Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков барлық мектеп директорларымен zoom-конференция өткізіп, карантин режимінде балалардың білімін жетілдіру, бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берген-ді.
"Ұрпақ тәрбиесінің жауапкершілігі аса салмақты. Бүгін қателік жіберіп, ертең зардабын тартпас үшін нақты шаралар керек. Дана Абай айтпақшы, қолымызды мезгілінен кеш сермеп жүрмейік", - деді аудан басшысы.
Бүгінде бүкіл тапсырылған міндеттемелер аясында үздіксіз жұмыстар атқарылып жүр. Аудан орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында 5 оқушыдан аспайтын топтар құрылып, үйірмелер ашылды. Карантин талаптарының сақталуы да бақылауда.