Ордабасы: Жерлес жеңіспен оралды

Ордабасылық түлектер қайда жүрсе де, ауданның абыройын арқалай жүреді. Аудан тұрғыны Тәуекел Аяулым Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасына қарасты Рухани жаңғыру мекемесінің  "Ұлы даланың ұлы есімдері" арнайы жобасы аясында  және Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын тойлау мақсатында ұйымдастырылған облыстық "Абай оқулары" онлайн байқауында жүлделі 3-орынға иеленді.

Байқауға облыс көлемінде 60-қа жуық үміткер қатысып, іріктеу кезеңінен 2-кезеңге 19 қатысушы өтті. Үміткерлер 1-кезеңде Абайдың өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыса, 2-кезеңде қара сөздерін жатқа айтып, мәнерлеп оқыды.Байқау қортындысының нәтижесінде 3-орынды Тәуекел Аяулым иеленді.

Қазіргі таңда, Аяулым Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі қазақ филологиясы факультетінің 2 курс студенті.

Оқушы кезінде мектеп атынан түрлі жарыстарға қатысып, білімділігімен, ақындылығымен көзге түсіп, орын да иеленген. Білім бейімі қазақ тілі мен әдебиетіне жақын Аяулым жарыстарға осы пәндердің атынан қатысатын. Атап айтсақ, Мұқағали оқулары, Мағжан оқулары, Махамбет оқуларында аудандық деңгейде шығармашылық бағыт бойынша І-ІІ орындарға ие болған. Сонымен қатар, Республикалық деңгейде өткен «Қара өлеңнің құлагері» атты байқауға қытысып, мақтау қағазымен марапатталған.

11 сынып оқып жүрген кезінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттің жыл сайын өтілетін Халықаралық пәндік олимпиадасына қатысып, қазақ тілі пәні бойынша І орын және тегін білім грантын жеңіп алып, ауданымыздың атын асқақтатқан еді. Қазір сол гранты бойынша білім алуда. Университет деңгейінде де ақындылығымен көзге түсіп, түрлі іс-шараларға қатысуда.  Ақындық демекші, осы тұста шағын өлең-кітапшасы барын да айта кетейік.  Аяулым өзі білім алған "Қарақұм"  мектебіндегінің басшысы Нұрсейітов Әділ Қуандықұлы мен ұстаздары Молдахан Сәрсенкүл, Шербай Ұлданай, Қонысбек Майра, Алтынбай Әлия апайларына дән риза.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ордабасы: Жерлес жеңіспен оралды