Тәртіп сақшылары дәрі-дәрмекті заңсыз сатудың 55 фактісін анықтады

114.jpg

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен Полиция департаментінің қызметкерлері коронавирустық инфекция бойынша карантин режимі кезінде қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарды жоғары бағамен заңсыз сататын азаматтар мен дәріханаларды анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды жалғастыруда. Рейдтік іс-шаралар кезінде тәртіп сақшылары дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың 55 жайтын анықтады. Оның 13-і дәрі-дәрмектерді белгіленбеген жерде сату болса, 42-сінде дәріханалар дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан. Полиция қызметкерлері барлығы 5250 түрлі дәрі-дәрмек мен 5,5 мыңнан астам маска, басқа да медициналық құралдарды тәркіледі.

Жетісай ауданында полиция қызметкерлері тіркелмеген дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сату дерегін анықтады. Тәртіп сақшылары дәріхананың сатушыдан 24 "тиамин" орамасын, 17 "новокаин" орамасын, 17 "аскорбин қышқылы" орамасын, 77 "ацетилсалицил қышқылы" орамасын, 4 "Димедрол" орамасын және 80-ге жуық басқа да дәрі-дәрмектерді тәркіледі.

Тәртіп сақшылары Шардара ауданында тағы бір дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен заңсыз сату жайтын анықтады. Мұнда Шардара қаласында орналасқан дәріхананың сатушысы жергілікті тұрғынға "Азитромицин", "Аспирин кардио" және "Парацетамол" препараттарын 3600 теңгеге, яғни жоғары бағамен сатқан.

Барлық жинақталған материалдар Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне заңдылықты тексеру үшін жіберілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.