Ауруханадағы ұрлық ізі суымай ашылды
Түркістан облысы басшылығының қылмыстың алдын алу және оны ізін суытпай ашу туралы тапсырмасын құқық қорғау органдары қызметкерлері қырағылықпен жүзеге асырып келеді. Сондай заң бұзушылықтың бірі Шардара аудандық орталық ауруханасында орын алды.
Шардара аудандық Полиция бөліміне аудандық орталық ауруханадан ұрлық болғаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Арызда белгісіз тұлға ауруханаға қабылдау есігі арқылы кіріп, ашық қалған мәжіліс залында тұрған 1 дана компьютерді (моноблок), клавиатурасымен қосып, жымқырып кеткені көрсетілген. Келтірілген шығын көлемі 230 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді.
Ұрлық қылмысын ашу мақсатында ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, барлық қажетті шаралар іске асырылды. Жедел уәкілдер бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде ауруханаға тиесілі техникалық құралдарды жымқырған күдіктінің жеке-басын анықтап, аудан көшелерінің бірінен «ізін суытпай» 1 сағат ішінде табылды. Ол бұрын бірнеше рет сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті ұрлаған компьютерді азық-түлік дүкендерінің біріне өзіне қажетті заттар алып, кепілге қойып кеткен. Айғақты заттар тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға құнды заттарыңызға барынша сақ болуды ескертеді. Аулаңызға бейнебақылау камераларын орнатып, есіктеріңізге сенімді құлыптар, терезелеріңізге темір торлар жасатуға кеңес береді.