Мас халде билік өкіліне қарсы шыққан ерлі-зайыпты ұсталды
Сарыағаш ауданында тәртіп сақшыларына бағынбай билік өкілдерін құқықтарын таптап, балағаттап, әрекеттерімен қорлаған ерлі-зайыптылардың ісі сотқа өтті.
Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғыннан үйіне келген қонақтарының жанжал шығарып жатқаны туралы арыз келіп түседі. Арызданушының айтуынша үйіне қонақ болып келген ерлі-зайыпты ішімдік ішіп, мас халде балағат сөздермен қорлаған. Осыдан соң ол полиция шақыруға мәжбүр болған.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері мән-жайды анықтамақшы болады. Алайда олар полицейлерге қарсы түрлі балағат сөздерді айтады. Тәртіп сақшылары сабырға келуін сұрағанымен, құқық бұзушылар заңды талаптарға бағынбай, өздерінің дөрекі мінез көрсетуін жалғастыра береді. Тіпті учаскелік полиция қызметкерінің пагонын жыртып, қол көтермекке ұмтылады.
Осылайша сақшылар күйеуі мен әйеліне ҚР ҚК-нің 378-бабы «Билік өкілін қорлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізеді. Бүгінгі таңда күдіктілерге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға мас күйде жүріп, тұрғындардың мазасын алмау керектігін ескертеді. Сонымен қатар, өз қызметтік міндетін атқаруға келген билік өкілдеріне күш қолданудың соңы қылмыстық жауапкершілікке апаратынын ескертеді.