Қасақана жол қозғалысын бұзғандар жазадан құтылмайды
Түркістан облысы әкімінің жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды және мас күйде көлік жүргізгендерді қатаң жазалау туралы тапсырмасы бойынша полицейлер қасақана заң бұзғандарды жауапқа тартты.
Әлеуметтік желілерде Түркістан қаласында "Тойота" және "Шкода" автокөліктерінің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны туралы бейне таралған болатын. Тәртіп бұзушылардың жеке басын анықтауға іс Полиция департаменті мен Түркістан қалалық Жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция қызметкерлеріне бағытталды. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары бірден "Тойота" жүргізушісінің жеке басын анықтады. Ол Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігіне сәйкес "Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы" әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Автокөлік айыптұрағына қойылды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері Шымкент қаласында тіркелген екінші "Шкода" автокөлігінің жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін іздестіруді жалғастыруда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға, көлік құралын құжатсыз және мас күйінде басқармауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айыруға, әкімшілік қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.