Екі күнде 600-ге жуық тұрғынға құқықтық кеңес берілді
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасы бойынша қоғамдық тәртіпті қадағалаумен қатар тұрғындарға құқықтарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрген полицейлер міндеттерін республика көлемінде өткізілетін «Жолда қабылдау» акциясында жалғастырды. Азаматтармен кері байланысқа түсу мақсатында ұйымдастырылып жүрген акциясының екі күнінде қабылдауға 600-ге жуық тұрғын келді. Олар өз мәселелері бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көмегіне жүгінді.
Аталмыш акцияны облыстың полицейлері Түркістанда «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында» өткізді. Сонымен қатар қала, аудандық полиция басқарма бөлімдерінің қызметкерлері өз аумақтарындағы ХҚКО-ның алдында отырып, қабылдау өткізді.
Азаматтар полицейлерге өздерінің армениялық көліктерін тіркеуге байланысты және оған қандай құжаттар қажет екендігін толығымен білді. Қабылдауға келгендерге жеке-жеке кеңестер мен қойылған сұрақтарына жауаптар берілді. Бұдан басқа, телефон байланысы арқылы да, әлеуметтік желілердегі онлайн-қарым-қатынас арқылы да жедел желі жұмысы ұйымдастырылды. Акция аясында басқа да ниет білдірушілер көлік құралдарын тіркеу, әкімшілік айыппұлдарды төлеу тәртібі, жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ өзге де мәселелер бойынша қажетті кеңестерді алды.
Жалпы, Түркістан облысында тіркеуге сай келетін сол жақ рульді 330 армениялық көлік бар болса, оның 6-ауы тіркелмей қалған. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес армениялық көліктердің басқару рулі оң жақтан сол жаққа ауыстырылып қайта жабдықталып тіркеуден өтуіне болады. Бұл шара ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін жалғасады.