317 адамды алдаған алтауды ұстады

0612.jpg

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес өңір полицейлері қаржы пирамидасын құрып, 317 адамды алдап соққан топты құрықтады. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Дәлбековтің өзі әлеуметтік желідегі параөқшасында жазды.
Полиция департаментінің Тергеу басқармасының өндірісінде Қылмыстық кодекстің 217-бабы «қаржы пирамидасын құру және басқару» бойынша іс қозғалды.
«Бүгін Жетісай, Мақтарал және Шардара аудандарының 317 тұрғыны Ішкі істер органдарына арызданған. Күдікті ретінде 6 азамат қамауда, оның ішінде 1 ер адам мен 5 әйел бар. Жәбірленушілер күн сайын аудандық полиция бөлімінің жанына жиналады. Полиция бөлімінің бастықтары және прокуратура өкілдері олармен түсіндіру әңгімелерін жүргізді. Осыдан соң тұрғындар өз үйлеріне тарқасты» деп жазды полиция генерал-майоры.
Естеріңізге сала кетейік, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісай аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан болатын. Тергеу аясында құжаттар, компьютерлер және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген. Жетісай аудандық полиция бөлімінің базасында облыстық полицияның тергеу және жедел бөлімшелерінің кәсіби қызметкерлерінен тұратын арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Тәртіп сақшылары зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Шығын сомасы белгіленуде. Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. 
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға "жеңіл ақша" табу үмітімен мұқият болу және бейтаныс адамдарға сенбеу қажеттігін ескертеді. Қаржы пирамидасының "құрбаны" болмас үшін қарапайым қырағылықты сақтау керек және инвестицияларға қатысты күмәнді уәделерге сенбеу керек.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: 317 адамды алдаған алтауды ұстады