Науқастар оттегіге зәру болмайды
Ордабасы ауданына қарасты Көктөбе дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Серік Тұрсынбаев коронавирустың екінші толқынына дайындық жайын баяндап берді. Ақ халаттының айтуынша 2900 халық (400-і 5 жасқа дейінгі бала) тіркелген емдеу мекемесінде күндізгі стационар бөлімі ашылған. Әзірге дәрі-дәрмек қоры жеткілікті және амбулаторияда 1 оттегі концентраторы орнатылған. «Қауіпті дертке күдікті деген, тыныс алуы қиындаған науқастардың бірінші кезекте сатурациясын өлшейміз. Яғни оттегінің қанда қаншалықты қаныққан-қанықпағанын айықтаймыз. Ол үшін бізде пульсоксиметр аппараттары берілген. Егер науқастың сатурациясы 90-нан төмен болса демек оттегі аппаратына жатқызылуы тиіс. Сатурация 90-нан көтерілсе демек өкпе жеткілікті мөлшерде тыныс алып жатыр деген сөз. Бұл оттегі аппараты біздің мекемеге пандемия болып жатқан кезде орнатылған болатын»,- дейді аға дәрігер.
Өзге де медицина мамандарымен бірге ауыл аралап, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізген Серік Бақытұлы вирустан сақтанудың бірден бір жолы ол тазалық пен тәртіп дейді. Сондай-ақ дәрігер елімізде енгізілген карантин режимі аурудың одан әрі белең алуына тосқауыл бола білді деп есептейді.