Бітімгершілік - сотталушылардың санын азайтуға септігін тигізуде

Screenshot_15.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында адам құқығын қорғау бағытында сот төрелігін жүзеге асыру процестерін оңайлату, оны бюрократиялық кедергілерден арылту, дауларды соттардан тыс реттеу институтын дамыту тетіктерін қарастыру керектігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған орай соттарда бүгінде медиация институты кеңінен қолданыла бастады. Дау қуғандарды келісімге келтіру – сот саласының басым бағыттарының бірі. Бүгінде еліміздің барлық соттарында татуластырушы судьялар қызмет етеді. Сотқа келген әрбір іс сараланып, соттасушылармен келісімге келу мүмкіндіктері талқыланады. Қазір бұл өз нәтижесін көрсетіп келеді. Биыл «Медиация туралы» Заңның қабылданғанына 10 жыл толып отыр.

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында медиация тәртібімен аяқталған істердің саны жыл санап артып келеді. Мәселен, былтыр 321 іс медиаторлардың қатысуымен шешілген. «Әрине, қылмыстың, қала берді құқық бұзушылықтың үлкен-кішісі болмайды. Дегенмен, осы заңның көмегімен сотталғандар санын азайтуға ықпал ете алсақ, бұл біздің қоғамға тигізген бір пайдамыз болары даусыз»,- дейді Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Гулиза Мамырова. 

Биыл бұл көрсеткіш еселенері анық. Себебі, медиацияның тиімділігін жұртшылық түсіне бастады дейді мамандар.