Ел қорғандары алғыс алды
7 мамыр-Отан қорғаушылар күні қарсаңында елеміздің Қарулы күштер, құқық қорғау, азаматтық қорғаныс саласында жұмыс істеп жүрген көптеген азаматтар алғыс алды. Осындай іс-шаралар Түркістан қаласында да жалғасты. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімі Рашид Абатұлы шаһардың қауіпсіздігі мен қорғанысында білікті қызмет атқарып жүрген бірқатар қызметкерді құттықтады. Жиынға шаһардың дамуына үлес қосып жүрген бірнеше зиялы қауым өкілі карантин режимінің талаптарына орай онлайн режимде қатысты.
"Отан қорғаушылар күні - еліміздің амандығы үшін, жеріміздің бүтіндігі үшін қызмет етіп жүрген жандарды құрметтеп, марапаттау мақсатындағы өте маңызды мереке. Қаншама азаматтарымыз қай салада болмасын елінің болашағы үшін еңбек етіп, елін қорғап келеді. Елді, жерді қорғау баршамызға ортақ іс. Осы істі басты мақсаты еткен жандарға, шынайы жанашырлық танытып, қорған болып жүрген қызметкерлерімізге ерекше алғысымды білдіремін", - деген Рашид Аюпов барша жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Басқосу соңында қаладағы қорғаныс істері саласы мен полиция қызметкерлеріне қала басшысының Алғыс хаттары табысталып, Рашид Абатұлы басқа да қызметкерлерді арнайы жұмыс орнына барып құттықтайтынын айтты.