Елбасы «Farab» кітапханасының жұмысымен танысты
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын аралау барысында «Farab Library» кітапханасының жұмысымен танысты.
Қазақстан Президенті кітапханадағы роботтандырылған техника зертханасын, сондай-ақ сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін көрді.
«Farab Library» кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерде 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан. Үш қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана орналасқан. Онда Қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлері және әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жиналуда. Екінші қабатта алуан түрлі студиялар, шеберханалар мен қолөнер дүкендері тұр. Бұл жерде кез-келген оқырман үшін кітаптан шабыттанған дүниелерді өз қолымен жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірінші қабатта Fab-lab орналасқан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге барлық жағдай жасалған. Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы үлкен зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтап қалу үшін оларды қайта қалпына келтіріп, цифрландырады.