Шымкентте бизнес ашқан шетелдік инвесторлар көп

Screenshot_14.png

Шетелдік инвесторларды Шымкенттегі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар көбірек қызықтырады. Әсіресе арнайы құрылған экономикалық аймақтағы жеңілдіктер осында кәсіп ашуға итермелейді екен. Мәселен, тек Шымкентің өзінде оншақты шетелдік кәсіпорын жұмыс істейді. Соның бесеуі арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Отандық кәсіпорындар сынды оларда мемлекеттік қолдауға ие.

Солардың бірі келешекте әжетхана қағазын шығаруды жоспарлап отыр. Тәулігіне 10 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Өзбекстандық инвестордың қаржысына салынған зауыт толық қуатында істесе 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Келісімшарт бойынша жергілікті халықты жұмыспен қамтуға міндетті. Сонымен қатар шикізатты да өзімізден алады.

«Біз нарықты зерттедік. Қазақстанда қағаз қалдықтары арзан. Сол үшін осында зауыт салып жатырмыз. Ол үшін ешқандай кедергіге тап болмадық. Қайта 10 жылдық жеңілдікке ие болдық. Енді осыншама уақыт бойы біз жерге аренда төлемейміз. Сонымен қатар жарық, су және көгілдір отынға да төмен бағамен төлем жасаймыз»,- дейді инвестор Давронбек Парпиев.

Шымкенттегі арнайы экономикалық аймақта орналасқан тағы бір кәсіпорын сулы майлық шығарады. Бұл өндіріс ошағын ашу үшін Түркиялық инвестор жарты миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Бұйыртса шығын 5-10 жылда толық қайтарылады.

«Біз бұл салада 15 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін Түркия және Иран елінен зауыт салғанбыз. Қазір сауда  компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сол іс аяқталса Қазақстан мен бірге Ресейгеде өнім экспорттаймыз»- дейді инвестор Дал Халил .

Арнайы экономикалық аймақ басқарушы компаниясының департамент директоры Мақсат Көшеровтің айтуынша инвесторларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Жер телімдері 0 теңгемен жалға беріледі екен. Сонымен қатар басқарушы компаниясының тарапынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Департамент инвесторларға  құжаттарын дайындауға көмек береді. 

Жалпы Шымкентте осы уақытқа дейін шетелдік инвесторлардың қолдауымен құны 72 млрд теңгеден асатын 6 жоба жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде 680 жаңа жұмыс орыны ашылған.