45 ана компьютерлік сауаттылығын арттырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырған болатын. Демографиялық өсімі жоғары еліміздің үшінші мегаполисінде көп балалы аналардың саны артып келеді. Тиісінше оларға әлеуметтік қолдау да барынша көрсетілуде. Мәселен Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «SHANYRAQ» Отбасы институтын қолдау орталығында мамыр айынан бастап көпбалалы аналарға арналған тегін компьютерлік курстар ашылған болатын. Осы уақыт аралығында курста 45 ана компьютерлік сауаттылығын арттырып, түрлі бағдарламалармен жұмыс жасауды үйренген. Оларға орталық маманы Ұлықбек Қожабеков дәріс береді.
Басқарма қызметкерлерінің айтуынша аналар арасында оқу курсына сұраныс артуда. Себебі, көп балалы аналарға бұл компьютерлік оқу курсында электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) ашу және Egov.kz порталында жұмыс істеуді үйренуге басымдық беріледі. Өйткені, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің көпшілігі Egov.kz порталы арқылы алынатыны белгілі.
Айта кетейік орталықта аналар алаңсыз білім алуы үшін балалар бөлмесі де жасақталған. Балаларын өздерімен ертіп келулеріне болады. Орталық Шымкент қаласы, Бәйдібек би даңғылы, 32 а ғимаратында орналасқан.