Мемлекеттік бағдарламалар жұмыссыздар санын азайтуда

Screenshot_23.png

Үшінші мегаполисте биыл мемлекеттік бағдарламалардың аясында 33 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасына» 1,5 мың адам жұмылдырылмақ. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деп мәлімдеді.

Осылайша Шымкентте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру барысы жылдағы қарқынмен жалғаспақ. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы 3 бағыт бойынша іске асырылады.

Бірінші бағыт бойынша 5,5 млрд теңгеге 13 нысанның құрылысын жүргізу жоспарда бар. Яғни, 392 жұмыс орны құрылып, 6,5 мың тұрғын – ауыз сумен, 17,6 мың абонент электр жүйесімен қамтылады.

Екінші бағытта 1,5 млрд теңге көлемінде микрокредиттер беріледі. Нәтижесінде 357 жоба жүзеге асырылып, 757 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Бұдан бюджетке 45 млн теңге салық түседі деп күтілуде.

Жол картасының үшінші бағыты бойынша бизнес субъектілеріне 7,1 млрд теңгеге қолдау көрсету қарастырылған. Бұл бағытта 70-ке жуық жобаны іске асыру және 280 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. 

Қазіргі таңда «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру жолында көптеген жұмыс атқарылып, ақпараттық-насихат жұмыстары жалғасуда. Әсіресе, бағдарламаның үшінші бағыты – «Жастар практикасы» бойынша оқу орындарының түлектерімен кездесулер ұйымдастырылуда. Жас мамандарға бағдарламаның бар мүмкіндігі айтылып, талаптары мен тиімділігі түсіндіріледі.

Жалпы, «Жастар практикасы» – белгілі бір оқу орнын тәмамдаған жастарға уақытша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаудың жақсы мүмкіндігі. Алты ай бойы жұмыс істеген уақытында жас маманға 25 АЕК көлемінде айлық төленеді. Егер жас маман осы уақыт аралығында жұмысында өзін көрсете алса, тұрақты жұмысқа қалуына да мүмкіндігі бар. Осылайша бұл жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға жасалған алғашқы қадам болып тұр.

Бұған жас мамандар ғана емес мемлекет те мүдделі. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Сұңғат Абдуллаевтың айтуынша, биыл орталық тарапынан 2500 жасты осы бағыт аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде 800-ден астам шымкенттік жас жолдама алып, тәжирибеден өтуде.

– Жолдама алған мамандардың арасында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері және кадастр, техник мамандығын иеленген жастар бар. Жыл соңына дейін 2500 шымкенттік жасты жұмыспен қамтуды жоспарлаудамыз. Бағдарламаға қатысуға ниеті бар жас маман enbek.kz порталында ЭЦҚ арқылы «жұмыссыз» мәртебесімен тіркеледі. Сонымен қатар, тұрғылықты мекенжайында орналасқан жұмыспен қамту орталығына бара алады, – деді Сұңғат Абдуллаев.