Түлкібаста бір алқаптан 2-3 өнім алатын 200-ге жуық шаруа қожалық бар
Бүгінде Түлкібас ауданында шаруалар тарапынан бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жұмыстары жүйеленіп, қарқын алып келеді. Биылғы жылы аудан аумағындағы 14 ауылдық округте 185 шаруашылық бұл бағытта жұмысын бастап кетті.
Аталған бағытта өз алқаптарынан мол өнім алып жүрген Жаскешу ауылындағы «Ерсары» шаруа қожалығы да бар. Қожалық биылғы жылы 5 га жерге бірінші және екінші өнімге жаздық және күздік қияр еккен. Ал 2 га жеріне пияз егіп, оны ағымдығы жылдың шілде айының орта тұсында теріп алып, екінші өнімге күздік қияр отырғызбақшы. Жиналған өнімді аудандық «Песня лета» ЖШС-мен келісім шартқа отырып, көкөніс өнімдерін өңдейтін цехына өткізуді көздеп отыр.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл бір жерден 2-3 өнім алушы шаруалардың қатары артқан. Яғни, өткен жылы 155 шаруа қожалық бұл бағытта жұмыс жүргізсе, аудан әкімдігі тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде биылғы жылы 185 қожалық бір жерден 2-3 өнім алуға қызығушылық танытып отыр.
Сондай-ақ, аудандағы ілкімді істердің бірі – балық шаруашылығы. Мәселен, Майлыкент ауылдық округіндегі «Сапарғали» шаруа қожалығы 2,16 га аумақта орналасқан 7 жасанды су тоғанына 100 мың дана сазан, ақ амур және дөңмаңдай (толстолоб) балықтарының шабақтарын жіберуде. Әр жасанды тоған 0,30 га аумақты алып жатыр.
Бүгінде шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан жеңілдіктерде қарастырылуда. Балық жемінің 30 пайыз шығындары субсидияланып, заң аясында аудан әкімдігі тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілуде.