Түркістандық 500-ге жуық отбасы биыл қоныс тойын тойлады
Түркістандық 500-ге жуық отбасы биыл қоныс тойын тойлады. Оның шінде кезекте тұрған азаматтарға 252 пәтер, несиемен 204 пәтер берілді. Түркістан қаласында салынып жатқан тұрғын үйлердіңжағдайы туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында баяндалды. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, жыл соңына дейін 76 тұрғын үй жоспарға сәйкес, ай сайын қабылдаудан өткізіліп отырады.
Жалпы, әкімшілік-іскерлік орталығында 7, 9 және 12 қабатты жалпы 82 тұрғын үй (342,7 мың ш.м., 5353 пәтер) бюджет есебінен салынуда. Жыл басынан бері 7 қабатты 6 тұрғын үй қабылдаудан өткен. Қазіргі таңда тұрғын үйлерде 2,5 мыңға жуық жұмысшы жұмыс жүргізуде. Құрылыс алаңдарына қосымша жұмыс күшін тарту бойынша қажетті шаралар атқарылуы тиіс.
Жасыл желекке оранған шаһардың ауасы таза, экологиялық ахуалы тұрақты болатыны белгілі. Мұны жақсы білетін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл мәселенің маңызын естен шығармауға шақырып, көшеттерді күтіп-баптауға жауаптыларға шүйлікті. Түркістан қаласында барлығы 55 саябақ пен скверлер бар. Тамырынан нәр алмайтын қураған ағаштың көбеюіне алаңдаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауаптылар жұмысын қатаң сынға алды. Таңмен таласа оянып, қызу тіршілікке кірісуге кеңес берді.
- Таңғы сағат 5-те тұру керек. Жұмыс киімін киіп алып, барлық нысандарды аралап жүру керек. Аудандар әрқайсысы өзінің секторына жауап берсін.Көшетті отырғызғаннан бастап әр талдың түбін қопсыту, оны суару керек. Шөлдеп тұрған тал бірден көрінеді ғой. Каналдан суды бұрып, алып келу қажет болса, оны жасаңдар. Ешкім жоқ демейді. Резервуар керек па, насос керек пе, суды жеткізу керек. Каналдар не үшін керек, суарылмаса?,-деді облыс әкімі.