Төлебиліктер Маңғыстауға 80 тоннаға жуық мал азығын жөнелтті

Оңтүстік жұртшылығы қуаңшылықтан төрт түлігі қырылып жатқан маңғыстаулықтарға көмек қолын созып, шөп жіберу ісін жалғастыруда.

image.png

Мәселен, Төлеби ауданынан "БАТЫСҚА КӨМЕК" шарасы аясында Маңғыстауға 3 200 бау шөп тиелген вагондар жөнелтілді. Биылғы қуаңшылықтың салдарынан зардап шеккен батыс өңіріне төлебилік жастар мен еріктілер 80 тоннаға жуық мал азығын вагондарға артты.

Төлеби ауданында 4 050 ден астам шаруа және фермерлік қожалықтар, өндірістік кооперативтер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысады. Биыл ауданда 65 946 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 29 563 гектар жерге ескі және жаңа жоңышқа егіліп, дала шөбі және сабанды қосқанда 155,9 мың тоннаға жуық мал азығы дайындалған.

Ауданда 78 687 бас ірі қара мал, 39 002 бас жылқы, 208 789 уақ мал бар. Аталған мал басына қажетті мал азығы (жоңышқа, табиғи шөп, сабан) – 184,2 мың тоннаны құрайды. Ал, ағымдағы жылы 9 813 га суармалы егістік алқабына ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 61 пайыздан астамы мал азығына бағытталған.