Мобильді топтардың жұмысы жетілдіріледі
Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Ахуалдық-талдау орталығы» жүргізген геолокациялау арқылы ақпарат жинау және мобильді топтарды бақылау нәтижесі кей аумақтардағы жұмыстың осалдығын көрсетті. Онлайн кросс-платформа қорытындысы мобильді топтардың бірнеше кемшілігін айқындап берді. Карантин талаптарының сақталуын бақылайтын арнайы топ тарапынан халық көп шоғырланған қауіпті ошақтар тексерусіз қалған. Және атқарылған іс-шаралар ақпараты толық берілмеген. Нәтижесінде Түркістан, Кентау қалалары мен Сайрам ауданы әкімінің жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс жарияланды. Олқылықтар қайталанған жағдайда олар қызметінен кетеді.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте айтылды. Онлайн форматта жүргізілетін «Ахуалдық-талдау орталығының» бақылау қорытындысы бойынша топтың тиімді жұмыс істеуіне қатысты нақты ұсыныстар берілді. Медициналық мекемелерге коронавирус белгілеріне жақын ауру түрлеріне зерттеу жасап, алдын алудың маңыздылығы айтылды.
Түркістан облысы коронавирус аурушаңдығының көрсеткіші бойынша сары аймақта орналасты. Облыс аумағында карантин мен шектеу шаралары қатаңдатылды. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанша бұқаралық іс-шараларды, отбасылық іс-шараларды көршілік жиналатын орындар мен үй аумағында өткізуге тыйым салынады. «Ashyq» жобасына қатыспаған нысандар – мәдениет нысандары, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, филармониялар, бильярд, компьютерлік клубтар, боулинг, цирк, банкет залдарының қызметіне рұқсат жоқ.