«Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Screenshot_22.png

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жұптар мен береке-бірлік қонған отбасылар қашан да көпке үлгі. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтауда Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мерейлі отбасы» конкурсының маңызы ерекше. Әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.

Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Мемлекеттік хатшы салтанатты рәсімді ашып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Онда конкурстың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңызды рөлі айтылған. «Мен Қазақстандағы әр шаңырақ берік болып, әрбір әулет бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сол үшін отбасы саясатына баса мән беремін. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады», – делінген Президент құттықтауында.

Айта кетейік, биыл конкурсты өткізудің жаңа тәсілдері енгізілді. Соған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталатын болады.  «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы Шымкент қаласы бойынша «Әлиевтер отбасы» болып анықталған еді.Қала әкімі Мұрат Әйтенов «Әлиевтер» отбасына  Президенттің атынан қаржылай сертификат пен дипломды салтанатты түрде табыстап, туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың табысты болашағының кепілі екенін айтты.

Жеңімпаз отбасы Алиев Бачак Маханбетұлы– ішкі істер саласының құрметті ардагері, зейнеткер. «АБО» түрік отбасылық ансамблінің жетекшісі. ҚХА «Бірлік» медалінің иегері, ауыр атлетикадан «Спорт шебері», «Полиция үздігі» төс белгісінің иегері. Жұбайы: Алиева Шайзар Қасымқызы – зейнеткер. Әлиевтердің отбасылық өмір тәжірибесі – 52 жыл. Үш баласы, он немересі, 14 шөбересі бар. Ұлдары жеке кәсіппен айналысады. Немерелері Нұрсұлтан, Елсұлтан және Бексұлтан ұлттық аспаптардың шебер орындаушылары. Бүгінде 3 ұрпақтан тараған 5 жанұя бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде.

Ұл-қыздары мен немерелері қазақ тілінде білім алып, ұлттық дәстүрлерді құрметтеп, ұстанып келеді. Қазақтай дархан елдің кеңдігін көріп өскен отбасының үлкені Б.Алиев перзенттерін туып өскен жеріне аянбай қызмет етуге тәрбиелеп келеді.Еске салсақ, байқаудың шарты бойынша Шымкент қаласының тұрғындары арасынан барлығы 110 өтініш қабылданған болатын. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп отбасы қатысқандығын көрсетіп отыр.  Сонымен қатар, биылғы жылы байқауға көп балалы және жас отбасылар екі есе көп қатысқан.