Шөкеев Ордабасыдағы кәсіпорындармен танысты
Биыл Ордабасы ауданы Төрткүл ауылдық округінде табиғи газ, орталықтандырылған ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмек. Бұл Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Ордабасы ауданына жасаған сапары барысында айтылды.
Төрткөлде жолдар жөнделіп, ескірген жарық жүйелері жаңартылады. Ауыл орталығында бой көтерген ірі спорттық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бадам ауылдық округінде салынып жатқан 200 орындық мектептің құрылыс алаңында болды. Келер жылы Ордабасы ауданында тағы 6 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында аудандағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Облыс басшысы республикамызда алғаш рет қолға алынған химиялық талшықтар мен маталардың алуан түрін өндіруде қолданылатын әртүрлі жіптер шығаратын ең ірі «Green Technology Industries» зауыттың өндіріс алаңында болды. Мұнда халықаралық стандарттарға сай сапалы өнім шығарылады. Кәсіпорында жүзеге асқан талшық түрлері мен микро талшықты силикондалған микрофибр жобасының тиімділігі-шетелдік инвесторлар мен капиталды тарту арқылы «Жасыл технологияларды» өндірісте кәдеге жарату. Полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеуге және өндірістік циклге қайтаруға мүмкіндік беретін қайта өңдеу жүйесі нарықтың полиэфир талшықтарына деген сұранысты өтеуге мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпорында 200 жаңа жұмыс орны ашылды.