Шаруалар жем-шөптен таршылық көрмейді

25.jpg

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының шаруалары алдағы қыста жем-шөптен таршылық көрмейді. Ордабасы ауданы әкімдігі фермерлер одағымен екі жақты ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Биыл облыс аумағында жауын-шашын мөлшерінің жылдағыдан аз болуы салдарынан құрғақшылық белең алғаны белгілі. Соның салдарынан мал азығының тапшылығы байқалған болатын.

Жем-шөп қорын көбейтіп, аудандағы ірі кәсіпорындарды мал және құс азығымен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын басшылары мен аудан шаруалары атынан меморандум түзілді. Осы құжат негізінде Бадам ауыл округінде орналасқан «Жақсылық» шаруа қожалығы 200 гектар жүгері және 100 гектар алқапқа егілген жоңышқа дақылдарын «Бөрте-Милка» тауарлы сүт фермасына өткізуде.

Аталған шаруашылық жалпы 25 ауыл тұрғынын маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, егістік алқапты игеруде заманауи 32 бірлік (4 техника биыл сатып алынған) ауыл шаруашылығы техникаларын жұмылдыруда.

Қазіргі таңда Ордабасы ауданында жалпы 300 мың тоннаға жуық мал азығы жиналған. Алда бұл мақсаттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Осылайша қыста ірі кәсіпорындар мен шаруашылықтар жем-шөптен таршылық көрмейтін болады.

Айта кетері, жуырда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

 -Ауа-райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік.  Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек.  Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал.

Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек,-деп атап өтті. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Шаруалар жем-шөптен таршылық көрмейді