Түркістан облысында вакцина салдырғандар күн санап көбеюде
Түркістан облысында коронавирус індетіне қарсы екпе салдырған тұрғындар саны күн санап артып келеді. Еліміздегі аталған жұқпалы дертке қарсы екпе егу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Бұл туралы облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады.
Елімізд бойынша шығарылған соңғы мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында коронавирус жұқпалы инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші құрамын 830 мыңға жуық адам қабылдап үлгерген. Ал , коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін 640 мың адам салдырған.
Бүгінде Түркістан облысының тұрғындары коронавирус жұқпалы инфекциясына қарсы ресейлік «Спутник V», отандық QazVac, Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакциналарын қабылдай алады.
Бүгінде Түркістан облысы «жасыл аймақта» тұр. Өткен тәулікте облыс бойынша 45 азамат қатерлі COVID-19 індетінің құрығына ілікті. Аталған жұқпалы жаман дерттің тәуліктік өсім 0,33 пайызды құрайды. Қазір жалпы облыстағы инфекциялық стационарларда барлығы 2020 төсек орын бар. Мұнда 724 науқас ем қабылдап жатыр.
Түркістан облысында жалпы пандемия белең алғалы коронавирус дертін жұқтырғандар саны 13 мың 653 адамға жетті. Алайда коронавирус жұқпалы инфекциясын жұқтырғандардың ішінде 7 мың 157 науқаста аурудың белгілері болмаған. Сондай-ақ, бүгінге дейін облыс бойынша 1 миллион 8 мың 452 адамнан ПТР сынамасы алынған. Соңғы тәулікте өңірдегі зертханаларда 2392 адам тексерілді.