Шымкентті дамыту бағдарламасы жаңа форматта әзірленді
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған дамыту бағдарламасы жаңа форматта әзірленді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мүлкеманов мәлім етті. Оның айтуынша, аталған құжат елдің жоғары тұрған Стратегиялық құжаттарда айқындалған басымдықтарды өңірлерде іске асыру мақсатында әзірленеді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысы 5 жылдық жоспарды анықтау үшін халық санағының маңызды екенін айтады. 2021 жылдың 9 айында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалған. Атап айтқанда, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі - 5,0 пайызға, ауыл-шаруашылығы 1,6 пайызға, құрылыс көлемі 7,7 пайызға, тұрғын үй құрылысы 11,4 пайызға, сауда 6,8 пайызға, көлік саласы 4 пайызға, жекеменшік инвестиция көлемі 71,4 пайызға артқан.
"Бағдарлама жобасын әзірлеу барысында қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіліп, қаладағы негізгі проблемалар мен даму бағыттары анықталды. Тұрғындардың көпшілігі қаланың инженерлік-көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, қаланы абаттандыру, тұрғын үймен қамту және экологиялық жай-күйін жақсартудың қажеттігін атап өтті. Бұл ұсыныстар бағдарлама жобасына енгізілді",- дейді Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мүлкеманов.
Негізгі көрсеткіштердің даму қарқынына сәйкес, Шымкент қаласы Республикамыздың өңірлері бойынша 6 орынға орналасқан. Шымкент халқын таза ауыз сумен қамту бойынша осы жылы 15,5 млрд. теңгеге 14 нысанның құрылысы жүргізілуде.