Медицинаны мистикадан ғылымға айналдырған Гиппократ
Кез-келген дәрігер өзінің кәсіби жұмысына кіріспес бұрын Гиппократқа ант береді. Себебі, ол бүгінгі медицинаның кірпішін қалаған тұлға. Ол ауруды емдеп жазудың түрлі әдістерін ұсына отырып, медицина саласын мистика мен теологиядан бөліп, нақты ғылым саласы ретінде негіздеген. Оның б.з.б V ғасырда жазған еңбектері әлі күнге дейін маңызын жойған емес. Ежелгі Грек дәуірінің шипагері атанған Гиппократ медицинаны ғылым салаларының ішіндегі ең қайырымдысы деп бағалаған.
Медицина «атасының» өмірдерегі бізге түрлі аңыздар арқылы жеткен. Гиппократ б.з.б. 460 жылы гректің Кос аралында дүние келеді. Аңыздарға сенсек, эллиндіктер Гиппократты көне грек мифологиясындағы медицина құдайы Асклепийдің (Эскулап) ұрпағы деп білген. Ол алғашқы медициналық білімін әкесі Гераклиттен алады. Жастайынан аралдағы Эскулаптың құпия ұйымына мүше болып, жиырма жасында Гиппократ та ант береді. Кейіннен Асклепий құдайының абызына айналып, адамдарды емдеумен айналысады. ТӘфсанаға сенсек, ол тәжірибе жинақтау мақсатында өркениеті дамыған елдерге саяхат жасаған екен. Айта лық ол жылдар бойы Мысырда емші болып, сосын Македония патшасын өлім аузынан алып қалады. Ол парсы патшасы Канхусрабтың (Ксеркс) жеке дәрігері болу ұсынысынан бас тартқан екен. Өз біліктілінің арқасында Гиппократ Афина қаласында өршіген обадан полис халқын аман алып қалады. Алғысы шексіз қала тұрғындары Афина көшелерінің біріне оның мүсінін орнатқан екен.
Медицинаның негізін қалаушы жасы қырыққа келгенде туған аралы Косқа барып, көмекке мұқтаж жандарды емдеуді жалғастырады. Көне дәуірдің адамдары ауруды қаһарға мінген құдайлар жібереді деп сенген. Ал Гиппократ мұның табиғи факторларын іздеп, сенімнің орынсыз екенін ғылыми негізбен дәлелдейді. Ол ауруға ауа-райының өзгеруі, жыл мезгілдерінің ауысуы, тамақтану тәртібі және адамның өз мінезі себеп болуы мүмкін екенін анықтайды. Гиппократтың бізге жеткен 70-ке жуық жазбасы бар. Олар медициналық кеңес ретінде жинақталған афоризмдер топтамасы еді. Оның еңбектері қазіргі медицина ғылымында «Гиппократ корпусы» деп аталады. «Гиппократ корпусындағы» жазбаларда оталар мен хирургиялық емдеулер туралы ашық жазылады. Расымен, көне грек өркениетінің медицинасында хирургиялық оталар жасау үшін қолданылған медициналық құралдардың болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр. Қазба кезінде табылған жәдігерлерден адамның бас сүйегіне де ота жасалғанын аңғаруға болады. Медицина сол дәуірдің өзінде үлкен мүмкіндікке ие болғанымен, Гиппократ адамның емделуінен бұрын, аурудың алдын алуды жөн көрген екен. Сондықтан, ол тамақтану тәртібін бір қалыпты ұстауға кеңес береді. Тек дәрігер ғана емес, науқастың өзі де емделудің алдын алуға тырысуы міндетті болғанын ұғындыра білген. Гиппократ мектебі әрбір науқасқа жеке назар аударуды басты негізге алады. Емші адамның денсаулығы мен темпераменті денедегі төрт сұйықтықтың бір қалыпты болуына тікелей байланысты екенін айтады. Сол төрт сұйықтық негізінде Гиппократ адамның холерик, флегматик, сангвиник және меланхолик сынды төрт түрлі мінезі болатынын анықтайды. Сонымен қатар, медицина «атасы» 200-ден астам дәрілік шөпті танып, емдік сипатта пайдалана алған. Бір уақытта көп емді қолданбауға кеңес беріп, танымал «Нұқсан келтірме» (Primum non nocere) сөзін қалдырады. Гиппократтың еңбектерін оқыған Платон, Аристотель сынды ғұлама ғалымдар оны медицина ғылымының «атасы» деп жоғары бағалаған.
Гиппократтан қалған өсиет
- «Ауруға үш жолмен жәрдем беруге болады: біріншісі-сөз, екіншісі-шөп, үшіншісі-пышақ»
- «Кез келген ауру - бұл өмірді түсінбегендіктің, яғни өмірде адасқандықтың белгісі деген. Ал адасу дегеніміз - ойымыздың басқа, сөзіміздің басқа, іс-әрекетіміздің басқа болуы»
- «Қалайша, ауруға сөз айтып, өмірге қызықтырасың, егер ол есінен талып жатса», сондықтан, оған шөпдәрі беріп, есіне келтір, сонан-соң сөз айт» -деген. Ал, «қалайша сөз айтасын, егер аурудың апендециті асқынып, шыдатпай тұрған болса, сондықтан, апендецитін пышақпен кесіп таста да, кейін сөз айт»
«Тегін емдеме, тегін емдесе дәрігердің, тегін емделсе науқастың қадірі кетеді»
«Біздің жеген тамағымыз бізге пайдалы дәрі, ал дәрі – тамағымыз болу керек»
«Мөлшерден тыс тоқтық та, аштық та және басқа да ауытқушылықтың бәрі де денсаулыққа қолайсыз»
«Той, даңғазашылдық пен ештеме істеумеушілік адамды аздырады, денсаулықтан айырады, қайта ақыл-ойдың бір нәрсеге талпынуы өмірбақи тұрмысты нығайтуға бағытталған қайратқа мінгізеді»
Гиппократ анты
Аполлон дәрігердің, Асклепийдің, Гигиея мен Панакеяның және түрлі тәңірлер мен тәңіриялардың атын атап, оларды куәға тарта отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін: өзіме дәрігерлік өнерін үйреткен кісіні ата-анаммен бірдей көремін, оған барымды бөліп беремін, әрі қажет жағдайда оның жоғын табуға көмектесемін; оның ұрпақтарын бауырларым деп есептеймін, егер олар осы өнерді үйренгісі келсе, оларға тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ сабақ беремін; оқу үстінде айтар ақылымды, ауызша сабақтар мен ілімдегі қалған жайлардың бәрін өз балаларыма ұстазымның балалары мен медицина заңы бойынша серттескен, ант беріскен шәкірттерімен хабарлаймын, басқа жанға айтпаймын. Аурулар режімін, зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, шама-шарқымның барынша оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын.
Ешкімге кісіні өлімге ұшырататын дәрі бермеймін әрі оны жасау тәсілін көрсетпеймін; тап осылай әйелге түсік түсіретін пессарий ұсынбаймын. Өмірде, өнерде де таза әрі адал боламын. Тас ауруларымен сырқаттанғандардың денесін ешқашан кеспеймін, мұны осы іспен айналысатын кісілерге тапсырамын. Қайсы үйге кірсем де аурудың қамын ойлаймын, әдейі қиянат пен қастандық жасаудан, әсіресе әйелдер мен еркектер азат адамдар мен құлдар арасындағы махаббаттан аулақпын.
Емдеу кезінде, сондай-ақ емдемеген кезде де, адам өміріндегі мүлдем жариялауға болмайтын жайларды көргенімді немесе естігенімді құпия есептеп, жан баласына айтпаймын. Антты бұлжытпай орындағаным үшін өмірде де, өнерде де бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленгеймін; жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын.
Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ