Дәстүрді жаңғырту жалғасуда
Шымкент қаласындағы Салт-дәстүр орталығының қала мәдениетін дамыту, таныту бағытындағы атқарар рөлі ерекше. Ата дәстүрді бүгінгі күнмен сабақтастырудың адами мәні зор. Кешемізді ұмытпай кемел келешекке бастау – біз ұстанған девиз. Орталықта сонымен қатар Оңтүстікті мекендеген көп ұлт өкілдерінің салт-дәстүр, әдет — ғұрыптары зерделеніп, талданып, болашақта қазақ халқының салт — дәстүрлерімен бірге бір мақсатқа, бір идеяға, ортақ игілікке пайдалану жағы қарастырылады.
Салт-дәстүр орталығы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында «Дәстүр дәрістері» айдары барысында көрермендерге ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізден сыр шертетін бағдарламалар тізбегін ұсынды.
Ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлері кең ауқымда дәріптелетін орталықтың ұйымдастыруымен жуырда ғана «Қазақ халқының ұлттық бас киімдері» атты онлайн көрмесі болып өтті. Бұл көрменің мәдениет саласы үшін орны бөлек, себебі ұлттық киімдерді дәріптеу қазақ үшін қашан да аса маңызды дәстүрдің бірі болған. Ұлттық құндылықтарымыз арқылы ерекшелену, сол арқылы елімізді таныту аса маңызды жетістік болар еді.
Онлайн көрме барысында сал-дәстүр орталығының қызметкерлері көрермендерді қазақтың кешеден-бүгінге жеткен сан түрлі бас киімдерімен жіті таныстырып шықты. Оның ішінде ұлттық киім – бай тарихи-мәдени мұра, оны зерттеу бізді өткен ғасырларды әдет-ғұрып, салт-дәстүр халықтың хал-ахуалынан кең көлемде жан-жақты хабардар ететініне тоқталды.
Қазақтың ұлттық киім үлгілерінің ішінен семантикалық статусы өте жоғарысы — бас киім. Қазақ ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған. Қазақ халқының кимі басқа ұлттардан өзгеше өзіндік қасиетке толы. Мұның басты себебі: қазақ халқының табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуімен байланысты. Қазақтың ұлттық киімдері негізінен ертедегі көшпенділер киімдерін еске түсіреді. Қазір өзіміз күнделікті киіп жүрген бірқатар киім үлгілері сақ дәуірінен бастау алады.