Белсенділер еңбегі еленді

Screenshot_65.png

Үшінші мегаполисте 4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтуде. 

Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткізілген басқосуда сөз алған қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы М. Манатбек көпшілікті мерекемен құттықтап, мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосқан 50-ге жуық азаматқа қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқанның алғыс хатын табыстады.

Олардың ішінде жоғарғы оқу орындарының оқу ісіндегі проректорлары және орынбасарлары, полиция қызметкерлері, еріктілер, жастар ұйымдары мен сол секілді басқа да қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан азаматтар да бар.

– Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін жылдан жылға арттыруымыз керек. Былай қарағанда елтаңба, туымыз жансыз зат секілді. Ал саналы адамға олай емес. Оның жаны бар. Жан дегеніміз рух. Біз алға ұмтылған елміз. Көптеген мемлекет көк туымызға, елтаңбамызға қызыға қарайды. Теңгеміздің дизайны қандай әдемі. Міне, бізге барлық игіліктер бұйырыпты. Осыны қадірлеп, қастерлеу жас ұрпағымызға аманат.Мемлекеттік рәміздерді тек мерекеде ғана емес, күнделікті насихаттап жүргеніміз абзал», – деп, өзінің жүрекжарды тілегін білдірді М. Манатбек. 

Айта кетейік, бұл күні қаладағы патриот жастар мерекелік тарту ретінде 500-ге жуық ту таратып, қоғамдық көліктерде ән ұранды шырқады.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Белсенділер еңбегі еленді