Отан қорғаушылар құрметіне "Сәлем хат" акциясы өтуде
Шымкентте 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік акция өтті. "Сәлем хат!" акциясын қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырған.
"Көл" субұрқағы маңындағы қоршаулар түрлі-түске боялып, құттықтаулар мен сәлем хаттар ілінген. Онда қаладағы мәдениет ошақтарының қыз-келіншектері ағаларына, інілеріне, әкелері мен замандастарына деген ізгі тілектері мен құттықтауларын қағазға түсірген.
- Бұл идеяны басқарма басшысы Ханзада Есенова ұсынды. Ондағы мақсатымыз - аналардың, қыз-келіншектердің әскердегі ұлдарына, аға-інілеріне деген сағынышын, махаббаты мен құрметін жеткізу. Арулардың сәлем хаттарынан олардың ыстық ықыластары көрініс табады. Қазіргі жағдайға байланысты карантин талаптары сақталуда. Болашақта дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз, - деді Шымкент қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары Марат Оразметов.
Акция аясында "Қазына" би тобының өнерпаздары елдегі арулардың әскердегі замандастарын күтіп алу сәтінен сазды-сахналық көрініс қойды. Осылайша мәдениет қызметкерлерінің хаттары қабырғаларға жапсырылып, тұрғындарға эмоция сыйлады.