Этноауылда күй өнері лекциясы өтті
"Shymqala" этноауылда қазақтың күй өнеріне өшпес із қалдырған тұлғалардың шығармаларын тартып, көне дәуірлерді күмбірлетіп жүрген «Көкбөрі» күйшілер тобының лекция концерті өтті. Шараның мақсаты жастардың бойында ұлттық сананы ояту, жас ұрпақ санасына халық әндерімен халық күйлерін насихаттау. Ұлттық дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа жеткізіп, олардың өнерге деген ынталарын арттыру. Қала тұрғындары, ЖОО студенттері, мектеп оқушылары шараға белсенді қатысып, күй өнеріне қызығушылықтары артып, рухани азық алды.
Қазақ даласы ықылым заманан бері жырдың, әннің, күйдің бесігі болып келеді. Халық арасынан шыққан талантты дарын иелері өнер көзінің қайнар бұлағы болды. Әр ғасырдың белес-белес белдерінен өткен жыр шумақтары, ән әуені, домбыраның сазы халық жадында жоғалмай біздің заманымызға жетті. Бүгінде салт-сана, әдет-ғұрып, ән-күй өнеріміз өзінің дәстүрлі жалғасын тауып, мұрагерлік жолмен дамып отыр. Ата-бабаларымыз ән-күйді киелі қасиеті бар рухани азық деп түсінді. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтады. Ауызша жаттап, қолма-қол үйренді. Ұстаздан шәкіртке, атадан балаға мұрагерлік жолмен қалдырып отырды. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Бүгінгі шарада қазақтың күй өнері насихатталып, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын іс-шаралар алдағы уақытта да "Shymqala" этноауылында көптеп ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын "Shymqala" этноауылын тамашалауға шақырамыз.