Инвесторлардың арқасында жаңа оқу жылында апатты мектеп болмайды

Screenshot_4.png

Шымкентте үш ауысымды және апатты мектептер үнемі актуалды тақырып айналасында жүретін мәселе еді. Жақында Мұрат Әйтенов білім саласына қатысты жақсы жаңалықтармен бөлісті. Енді Шымкентте апатты мектептер мүлде болмайды.

Қазір қалада 18 732 орындық 32 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 10 222 орындық 20 білім ұясы пайдалануға беріледі. Оның 16-сы жеке инвесторлардың есебінен салынып жатыр. 

- Білім саласында қуанышты жаңалық бар. Шымкент жаңа оқу жылын апатты мектепсіз бастайды. Үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін төмендейді. Мұнда инвесторлардың үлесі зор болып отыр, - дейді Шымкент қаласының әкімі. 

Жалпы 2025 жылға дейін Шымкентте 68 500 орындық 72 мектеп бой көтереді. 

Мектептерді жабдықтауға 7 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Қала мектептеріндегі оқу кабинеттерінің небәрі 32 пайызы жабдықталған. Сол себепті мектептер физика, химия, биология, робототехника, СТЕМ-ге арналған 278 арнайы пәндік кабинетпен жабдықталады. Жабдықталу 32 пайыздан 60 пайызға өседі.

Балалардың қауіпсіз ортада білім алу үшін, іште әжетханасы жоқ 36 мектепке қосымша әжетхана салынып, бұл мәселе толығымен шешімін табады. Сонымен бірге, соңғы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау мен адамның түр-тұлғасын анықтайтын кіргізіп-шығару жүйесі жаңа оқу жылына дейін 100 пайызға орнатылатын болады.