«Ескі қалашық» туристердің сүйікті орнына айналды
2019 жылы Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында ортағасырлық Шығыстың ғұлама ойшылы әрі ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдығын және Шымкент қаласының негізі қалануының 2200-жылдығын 2020 жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылданған болатын. Айтулы мереке былтыр пандемия тұсында сақтық щаралары сақтала отырып, кең көлемде аталып өткен болатын. Мерекеге орай Шымкент қаласының айналасындағы шағын аудандар көркейіп, қаланың сәулеттік келбеті де арта түсті, көптеген қордаланған мәселелер өз шешімін таба бастады.
2000 жылдан астам тарихы бар Шымкенттің бүгінгі келбеті осыдан он шақты жыл алдыңғымен салыстырғанда әлдеқайда көркейіп, жаңа келбетке енген. Қала статусы еліміздегі үшінші мегаполис болып белгіленген екі жыл ішінде де айтулы өзгерістер болды. Соңғы жылдары шаһардың архитектурасы мен құрылымы күн сайын жаңаруда. Қаланың 2200 жылдығы мен былтыр «Шымкент – ТМД елдерінің астанасы» атануы да оң өзгерістерге ықпал етіп, қаланың туристік аймаққа айналуына өз әсерін тигізді. Қазіргі кезде жоспарланған біршама шаруа өз нәтижесін беруде. Мәселен «Ескі қалашық» – қаланың мақтанышына, ал туристердің сүйікті орнына айналды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Бауыржан Байтанаев бастаған зерттеушілер Шымкенттің көне қалалардың бірі екенін дәлелдеп, дүниежүзi тарихшы-ғалымдарының назарына ұсынып, қаланың 2200 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлау мақұлданған болатын. Осы орайда Ескі қалашықта археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи кешенге айналдыру жұмыстары жүргізілді.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнда әрлеу жұмыстары аяқалған. Ал абаттандыру және археологиялық жұмыстар әлі де жалғасуда. Қалашықта 8 бағытта музей ұйымдастырылып, экспонаттар қойылған.