«1000 сауда нүктесі» жобасына қызығушылар көбеюде

Screenshot_10.png

Бүгінде Шымқаланың кәсіпкерлік саласының дамуына, кәсіпкерлер санының артуына үлес қосып отырған «Shymkent INVEST» – «Бизнеске арналған үкімет» Фронт-офисінің жетекшісі Ғани Өмірзақовтің айтуынша, фронт-офисте инвесторларға үлкен қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, оларды негізінен қызықтыратыны – әлеуметтік нысандар құрылысы. Әуелі өз қаражаттарына мектеп, аурухана салып, сосын оны мемлекет қарамағына өткізетін арнайы бағдарламаға қатысқанды қалайды. Фронт-офиске жеке кәсібін дөңгелетіп жүргендердің кейбірі жобасын жүзеге асыруға жер сұрап келсе, енді бірі өз жобасын бастау үшін қаржылық қолдау мәселесімен келеді. Бұл ретте «Shymkent» ӘКК-нің «1000 сауда нүктесі» деп аталатын жобасы бар. Берілетін жердің аумағы – 16 шаршы метр. Ол жерге шағын дүңгіршек салуға болады. Кәсіпкер «Shymkent» ӘКК құзырындағы бұл учаскені конкурс арқылы ала алады.

– Қазір қалада әр бұрышта тауарын сатып отыратын саудагерлер көп. Олардың бұл кәсібі көбіне заңсыз да болуы мүмкін. Сондықтан, оларға саудасын жүзеге асыруға ресми түрде мүмкіндік беру мақсатында жоғарыда аталған «1000 сауда нүктесі» жобасы қолға алынып отыр. Бұл жобаның бір артықшылығы – жерді жалдау құнының арзандығында. 16 шаршы метр жерге ай сайын 28 мың теңге төлеп тұрады. Басқа жекеменшік учаскелерді жалға алу құны айына 100-300 мың теңге аралығында болуы мүмкін, – дейді ұйым жетекшісі.

Айта кетейік, қазіргі таңда қалада кәсіпкердер алпыстан аса дүңгіршекті түрлі бағытта жүргізіп отыр.